Білім беру ұйымдарына мониторинг жүргізілді
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Инклюзивті білім беру, бүгінгі таңда әлем жұртшылығының назарын аударып отырған мәселе. Бұл балалардың жеке сұраныстары мен ерекшеліктеріне ортаның, отбасының қатысуымен білім беру үрдісіне толық қосуды талап етеді. Бұл бағытта елімізде инклюзивтік білім беруді 2020 жылға дейін, 70% жеткізу жоспарлаған.
Бүгін сырбойылық нұротандықтар мүгедектігі шектеулі және ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында, өңірдегі инклюзивті білім беруге бейімделген ұйымдардың жұмысына мониторинг жүргізді.
Құрамы мемлекттік органдар, облыстық мүгедектер қоғамы және салалық үкіметтік емес ұйымдар өкілдерін қамтыған сараптамалық топ жұмысының мақсат-міндетін облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес атап өтті.
«Жалпы өңірде инклюзивті білім беруге бейімделген 112- балабақша, 148-мектеп, 18-кәсіптік техникалық колледждер бар. Оларда, 79 мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдер білім алуда. Алайда, ерекше білім алу қажеттілігі бар балалардың арнайы мамандары жоқ орындарда білім алып, бағдарламаны игеру сапасы төмен болатындығы анық. Яғни, бағдараламаны игере алмау салдарынан соңғы кездері үйден білім алатын оқушылар саны көбейіп отыр. Сараптамалық топ жұмысының негізгі мақсаты аталмыш орындарындағы кемшіліктерді анықтап, мүмкіндігі шектелуі балғындарға кедергісіз орта қалыптастыру, олардың сапалы білім алуына жағдай жасау, қоғам назарын аударту», - деді Ержан Байтілес.
Бұл жолы сараптамалық топ, қаладағы №5 «Шаттық» балабақшасы, М.Ә.Сужиков атындағы № 6 орта мектеп пен «Болашақ» медицина колледжіндегі жұмыстармен танысты.
Балабақша-мектеп-колледж. Әрине, бұл қалыптасқан қағида. Дегенмен, мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіннің алдымен білім алатын орны балабақша болғандықтан иклюзивті білім беруде алдымен балабақшаның алар орны ерекше. Мұны рейд барысында №5 «Шаттық» балабақшасының меңгерушісі Гүлден Сапабековада атап өтті.
«Біздің балабақшада 46 мүмкіндігі шектеулі бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Біздің басты мақсатымыз оларды ортаға бейімдеу, сапалы білім беру. Олармен арнайы оқу курстарынан өткен тәрбиешілер жұмыс жасайды. Нәтиже жаман емес, олармен балабақша қызметіне белсене араласып, өзге балалармен бір ұжымда қарым-қатынасқа түсуге үйренеді. Бұл кезеңнен өткен балалардың мектепте білім алуына оңайырақ болады»,- деді Гүлден Сапабекова.
Аталмыш топ рейд барысында инклюзивті білім беру мекемелерінің материалдық базасы, білім беру сапасы, кадрлармен қамтамасыз етілуі секілді талаптардың сақталуын қадағалап, тиісті ұсыныстар мен ескертулер жасады. Бұл жұмыстар 30 сәуірге дейін жалғасатын болады.