Қызылордалық уақыты тығыз кәсіпкерлердің қайырымдылық жобаларын еріктілер жүзеге асыруда
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылордада қаржысы бар, пейілі кең, бірақ уақыты тығыз кәсіпкер-меценаттардың қайырымдылық жобаларын еріктілер тобы жүзеге асырады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жабырқаған жандардың жанынан табылатындардың бірі – Гүлнәр Сәрсенбай. Ол 2 бүлдіршіннің еміне қаржы жинауға үлес қосып, бірнеше отбасыны ұдайы азық-түлікпен қамтып келеді. 5 жылдан бері мемлекеттік мекемеде еңбек етіп келе жатқан ерікті «Оң қолың бергенді сол қолың білмесін» деген тәмсілді берік ұстанады. Гүлнәр балғындардың көңілін көтеру үшін түрлі ертегі қойылымдарын, мультфильм көрсетілімдерін ұйымдастырып жүр. Жомарт жандарды игі шараларға ұйыстыра білген ол өңірдегі барлық мұқтаж отбасылар еріктілер назарынан тыс қалмайтынын айтады.
«Әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасылардың тізімі бар базасы жасақталған. Сол отбасыларға мүмкіндікке қарай азық-түлік себетін апарып береміз. Мерекелерде ол үйлерде науқас, ерекше жағдайды қажет ететін балалар болса, біз мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында әртүрлі қойылымдар қоюға тырысамыз.
Оларға сыйлықтар апаруға, ойыншықтар, бала тек тамақпен ғана күн көрмейді ғой. Оған ойыншық, ерекше эмоция керек. Біз соларды сыйлауға тырысамыз.», - дейді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Гүлнәр Сәрсенбай.