Қызылорда облысындағы 20 карьерге жүк көліктерінің салмағын өлшейтін таразы орнатылды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысындағы қиыршық тас және шеге құм өндіретін карьерлерде жүк көліктерінің салмағын өлшейтін таразылар орнатыла бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бүгінде аймақты 90 процент инертті материалдармен қамтамасыз ететін Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы 20 карьерге осындай құрылғы қойылған. «Бұл бастама жүк салмағы мен габариттік параметрлерді тиісті заң аясында қадағалау шараларының тиімділігін арттырады», – дейді мамандар. Осылайша автомобиль жолдарының ерте тозбай, ұзақ сақталуы ерекше назарға алынып отыр. Сонымен қатар кейбір инертті материалдарды өндіруші компаниялар 40 тонналық Қытай автокөліктерін 15 тонналық жүк көліктеріне ауыстырған. Дегенмен жыл басынан бері облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясы 190 әкімшілік құқық бұзу дерегін анықтап, 8 миллион теңгеге жуық айыппұл салған.
«Салмақ параметрлері сақталмаған деректер бойынша бірлескен жұмыс нәтижесінде 2018 жылы 2 мың 300 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - дейді облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Пірназарова.