Ақан серінің көне жүзігі қазір қайда?
Ел еркесі атанған Ақан серінің Ақтоқтыдай аруға сыйға тартқан жүзігі асылдың көзіндей әлі аман сақталып келеді. Ақтоқтының жиен немересі Орынбасар Төкеновадан жүзіктің өзіне қалай жеткенін айтып беруін өтіндік.
Жүзікті Орынбасар апайға анасы Қанипа, яғни Ақтоқтының туған қызы, әшекей бұйымдары сияқты құнды заттарымен бірге сыйлаған екен.
«Шешем жүзікті әшекей бұйымдармен бірге сандығында сақтаған. Балаларына ұстатпаған. Оның айтуынша, әжеміз кәмпеске уақытында ішік, құндыз жағалар, әшекей бұйымдар, іс тігетін мәшінкесімен бірге жүзікті де теріге орап жерге көмген. Сол тұста үй-үйді тінтіп, ауқатты адамдардың мал-мүлкінен бастап ат-сайманына дейін пәуескелерге тиеп артып әкеткен көрінеді. Әкемнің әдемі өрілген қамшысы болатын, тінтушілердің оны алып кетуге батылдары бармапты деп шешем айтып отыратын. Ол кезде жас болдық, көп дүниені жадымызға тоқи алмадық. Қазақ еліне қайғы-қасірет, зобалаң әкелген қызыл қырғында Жалмұқан мен Ақтоқты мыңғырған малдан, шалқыған дәулеттен айырылып, қатты қиналады. Бір кездегі берекелі, салтанатты, дәуір аңсаулы арман болып қалады. Кейін біраз жылдар өткесін Тоқан деген нағашы атамыз барып әлгі көмілген бұйымдарды қазып алыпты. Бір ғажабы, бәрі сол күйі сақталған деседі. Анамда күмістен соғылған шолпы, сақина, моншақтар көп болды. Ұзатыларда уыстап таратқаны есімде. Шолпы, сақина, кейін шарғайғанда тағарсың деп тастары бар қаптырмаларын да берді апам», - деп есіне алады Орынбасар Төкенова.
Жігіттің пірі Ақан сері мен әнге арқау болған Ақтоқты сұлу арасындағы махаббат хикаясы уақыт жылжыған сайын аңызға бергісіз болып ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келеді.
«Жалмұқан атамыз кеңпейілді адам болған деседі елдің үлкендері. Ақан серіге шынайы құрмет көрсетіп, қатты сыйлаған. Аты аңызға айналған Сері Қызылағаштың бауырындағы Жалмұқанның шаңырағында талай мәрте қонақ болған. Сондай бір ойын-тойдың үстінде нәрестелі болып, шымылдықтың ішінде отырған Ақтоқтының алдына орамалға түйілген әлдене топ ете түскен. Сондағы осы жүзік екен. Әжеміз оны бесіктің басына тығып қойған. Үш күннен кейін ғана ашып көрсе керек. Ақан серінің сыйы екенін түсінген ғой», - дейді Орынбасар апай.
Орынбасар Төкенқызының айтуынша, Ақан сері сыйлаған жүзікті Ақтоқты әжесі өмірінің соңына дейін сақтаған. Бұл жәдігердің ұлы адамға тиесілі екенін түсінген. Бірақ жүрек түкпіріндегі жан сырын жан баласына ақтармаған.
«Ақан сері мен Ақтоқты әжеміздің жұрт аузында жүрген махаббаты шын болса, олар неге қосыла алмаған? деп сұрайтынмын шешемнен. «Ақан серідей жігіттің сұлтанын кім сүймейді. Бірақ ол заманда солай болды ғой, несін айтасың» деп отыратын жарықтық. Анам екі жылға жақын ауырып жатты. Ол уақытта тұрмыстамын. «Көкшетау правдасы» газетінде жұмыс істейтінмін. Бірде сырқат меңдеген шақта шақыртып, оюлы сандығын ашқызды, әшекей бұйымдардың арасынан орамалға түйілген жүзікті алып шықты. Шешем жүзікті қолына алып: – Бұл Ақан серінің Ақтоқты анамызға сыйға тартқан жүзігі. Талай жыл сақтадым. Енді өзіңе аманат етіп тапсырамын. Мұны Ақтоқты әжеңнің көзіндей көр. Сата көрме, ештеңеге айырбастамайтын зат. Көзіңнің қарашығындай сақта! – деп көзіне жас алды. Айтқандай, артынан осы жүзікке қызыққандар, сатып аламын деушілер көп болды ғой. Жассың, бәрібір қолыңа тақпайсың, одан да қолдан соғылған екі бірдей сом алтын сақинаға айырбаста деп келді бір апайымыз. Анамның аманаты, бере алмайтынымды айттым», - дейді Орынбасар Төкенова.
Ақан серінің 150 жылдық мерейтойында жазушы Сәкен сері Жүнісов бұл жайды естіп, апайды әдейі шақыртыпты. Жүзікті өзімен ала барған. Жиналған жұрттың бәрі сүйсініп, жүзікті қолдарына тағып көрсе керек. Сол жолы қаламгер сандықта жатқаннан не пайда, одан да жұрт көрсін, жүзікті музейге өткізіңіз деп кеңес беріпті. Орынбасар апай қолындағы Ақтоқты әжесіне тиесілі жәдігерлерді музейге өткізіп, анамның көзі, аманаты деп, жүзікті өзіне алып қалған. Көшірмесі облыстық музей көрмесінде тұр. Серінің махаббатынан бір белгі болған мұраны Орынбасар апай немересіне өсиет етпек.