«Akmaya smart farm» цифрлық жобасын іске асыру жұмыстары басталды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жетекшілігімен «Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты» «Қазақстан - Британ Технологиялық Университетінің Инжиниринг және ақпараттық технологиялар» институтымен бірлесіп, Шиелі ауданында орналасқан «Ақмая» ШҚ-ның базасында «Нақты егіншілікке» арналған «Akmaya Smart Farm» цифрлық платформасын жасап, жобасын іске асыруды бастады, деп хабарлайды басқарманың баспасөз қызметі.
Жоба аясында шаруашылықтың 800 гектар егіс алқабына цифрландыру жұмыстары жүргізіліп, алынған деректер өңделді. Өңделген деректер негізінде алқаптың электрондық картасы және алынған топырақ үлгілері негізінде топырақтың агрохимиялық картограммалары әзірленді.
Шаруашылықтың қолда бар барлық ресурстарына кешенді аудит (техника, қызметкерлер, егіс алқаптары мен олардың пайдалану тарихы, өнімділігі, дақыл сорттары және т.б.) жүргізілді. Жоғарыда аталған барлық деректер «Akmaya Smart Farm» цифрлық платформасына жинақталды.
Сонымен қатар, ауылшаруашылығы техникасының GPS-мониторингін енгізу үшін техникалық шешім ұсынылып, «Ақмая» шаруашылығында кең спектрлі сенсорлармен қамтылған John Deere және Claas заманауи техникасы мүмкіндіктері толығымен пайдаланылып отыр.
Жоба аясында құрылған автономдық метеостанциялар топырақ, ауа, су, күн туралы деректердің толық спектрін жазып, деректерді нақты уақыт режимінде жүйенің орталық серверіне жібереді.
Метеодеректер ауа-райы жағдайларын ескере отырып, өндірістік процестерді түзету үшін, кризистік сәттердің (құрғақшылық, зиянкестердің жаппай көбеюі) алдын алу үшін қолданылады. Деректердің жиналуы зиянкес организмдердің пайда болуы туралы болжам жасауға және қорғаныс шараларын қолдану үшін алдын-ала дайындалуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, «Акмая» пилоттық шаруашылығы аймақтағы барлық фермерлер үшін демонстрация алаңына айналады. Мұнда әрбір фермер өз табысын қалай арттыруға болатыны, көбірек түсім алуы, тәуекелдерді басқаруы, техникамен жұмыс істеуі және т.б. жайлы сұрақтарына жауаптар табады.