19 сәуір:Атаулы күндер мен оқиғалар
1925 жылы Қызылорда (Ақмешіт) қаласында өткен Бүкілқазақтар Кеңесінің V-съезінде Қырғыз халқының тарихи дұрыс аты - "Қазақ" атауын қалпына келтіру туралы қаулы қабылданды.
1925 жылы Қызылорда (Ақмешіт) қаласында өткен Бүкілқазақтар Кеңесінің V-съезінде Ақмешітті "Қызылорда" деп атау жөнінде қаулы қабылданды.
1996 жылы Алматыда Қазақстанның халық жазушысы Мәриям Хакімжанова тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.
2006 жылы Ұлыбританияда Азия елдері мен мәдениетін, Азия халықтарының тарихы мен салт-дәстүрлерін насихаттаумен айналысатын британиялық беделді Asia House ұйымы Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі Қырым Алтынбеков жұмыстарының таныстырылымын өткізді. Қ.Алтынбеков сақ мәдениетінің мыңдаған ескерткіштерін, оның ішінде әлемге әйгілі «Алтын адам», «Сармат көсемі» сияқты бірегей жәдігерлерді қалпына келтіріп жаңғыртқан өз ісінің хас шебері. Asia House-де британиялық ғылыми және мәдениеттану ортасы өкілдерінің назарына Қырым Алтынбеков Қазақстан аумағындағы архелогиялық қазбалардың нәтижесінде табылып жаңғыртылған көне замандағы алтын мен күмістен соғылған зергерлік бұйымдар ұсынған.
2007 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Мәдениетаралық диалог орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мәдениетаралық диалог орталығының жобасы БҰҰ-мен жариялаған «Әлем балалары мен жастар мүддесіндегі әлем мәдениеті» (2001-2010 жж.) Халықаралық онжылдық аясында және жастарды ұлтаралық және мәдениетаралық сезіммен тәрбиелеуге толықтай сәйкес келеді.
2010 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысында Ел бірлігі доктринасының жобасы қаралып мақұлданды. Отырысқа қатысқандар Қазақстан Ел бірлігі доктринасы жобасын жөндеу және қорытынды ұсыныс жасау жөніндегі қоғамдық комиссияның ұсынысын қарастырды. Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің құжаттарын талқылау қорытындысы бойынша доктрина жобасын мақұлдау шешімі қабылданды.
2011 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қауіпсіз және инновациялық ядролық энергетика мәселелері бойынша Киевте өткен саммитке қатысты. Форумның мақсаты - қауіпсіз бейбіт ядролық энергетиканы дамытуды қамтамасыз ету қажеттелігіне назар аударту. Киевтік саммитке 67 елдің делегациялары қатысты. Делегацияларды ел басшылары мен үкімет басшылары бастап барды. Саммит XX ғасырдың ең ірі техногендік апаты болып саналатын Чернобыль атом электростансасында орын алған апаттың 25 жылдығына орйластырылды.
2012 жылы Алматының ортасында консерваторияның қасында қазақтың әйгілі күйші, композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының ескерткіші орнатылды.
2016 жылы Бурабай ТМД-дағы 3 ең атақты курорттардың үздік үштігіне енді. Бұл нәтижені 2016 жылғы жазға курорттарда қонақүйлер мен апартаменттерді броньдау деректері бойынша Travel.ru турсервисі жасады. ТМД елдеріндегі атақты курорттар бестігіне Ыстықкөл (Қырғызстан), Бурабай (Қазақстан), Каспий теңізі (Баку, Әзербайжан), Севан көлі (Армения) кірді.