Балабақшаны қалай таңдау керек?
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Балабақшаны қарағанда неге назар аудару қажет? Тәрбиешіден не туралы сұрап, бақшаға бейімделуі үшін балаға қалай көмектесу керек?
Қазір мемлекеттігі бар, жекесі бар, әйтеуір балабақша көп – ал оларға қойылатын талаптар да жоғары. Тәрбиешілері, қызметкерлері, баланы дамыту бағдарламалары қандай, бәрі маңызды.
"Менің қуанышым" балалар орталығының клиникалық психологы Наталья Закирьяновамен бірге ең жақсы бала-бақшаны таңдауда нені ескеру керек деп, талдап көреді.
Ата-аналар үшін не маңызды?
Informburo.kz балабақшаны таңдау барысында ата-аналар үшін не маңызды екеніне сауалнама жүргізіп көрді. Оған 97 адам қатысты. Олардың айтуынша, бірінші кезекте ата-аналар бала-бақшаның орналасқан мекен жайына (үйіне не жұмысына жақын болуын), содан соң барып тәрбиешінің біліктілігі мен баланы баурап алу қабілетіне назар аударады. Жауаптардың арасында мынадай да нұсқалар болды: "Қауіпсіздік және күзет, денсаулық", "Шағын топтар", "Төмен баға".
"Балабақшаны таңдағанда неге назар аударасыз" деген сұраққа көпшілік бақшаның жабдықталуының (ғимараты, ойыншықтар, жақсы жиһаздар, бассейн), дамыту бағдарламалары мен тағамының маңыздылығын атады. "Аллергиясы барларға арналған тағамдар немесе өз тағамын әкелу мүмкіндігі", "Басқа балалар өзін өзі қалай ұстайды", немесе "Монтессор-педагогтар жұмыс істесе" деген жекелеген сұрақтар да болды.
Ата-аналар бақшаны баланы қалдыратын, уақытын өткізетін орын ретінде есептейді. Сондықтан олар үшін бақшаның қауіпсіздігі мен жайлылығы бәрінен маңызды: қажет жағдайда тәрбиешінің бастапқы көмекті көрсету қабілетінің болуы, сапалы тағам, жабдықтары, ортасы мен балаға қарым-қатынас та сырт қалмайды.
Балабақша қарастырғанда неге назар аудару керек?
Талаптардың сәйкестілігіне көз жеткізу үшін Наталия Закирьянова бақшаның іші-сыртын көріп, тәрбиеші мен бақша қызметкерлерімен сөйлесуге кеңес береді. Сонымен қатар балабақшаны таңдағанда ненің маңыздылығына анықтап алған жөн: балаңызды қоғамға бейімдеуге көмектескенін, дамытып, мектепке дайындағанын қалайсыз ба әлде балаңызды жай ғана қауіпсіз жерге қалдыру үшін ғана керек пе? Неге назар аудару керектігі осыған тікелей байланысты.
Соған қарамастан ата-ана үшін баласының қауіпсіз жерде болғаны маңызды Ол үшін бақшаны қарағанда төмендегілерге зер салыңыз:
•Аумағының қоршалуына. Шарбағы бала секіріп, шығып кетпейтіндей биік болуы тиіс, бұл әсіресе көлік жүретін жол жақын бақшалар үшін маңызды.
•Балабақшаға кіріп-шығатын есік жабылатын болуы керек.
•Бақшаның айналасындағы аумаққа. Ауласындағы сырғанақ, әткеншектер мен спорттық ғимараттардың қауіпсіздігі мен олардың жас айырмашылықтарына сәйкес жабдықталуына назар аударыңыз.
•Ойын алаңдары мен тәрбиешілердің мінез-құлқына. Балалар ойнап жатқанда бақшаға арнайы барып көріп, олардың қандай алаңдарда ойнайтынын, тәрбиешілердің балаға қалай қарайтынына қарау керек. Жасы кішкентай балаларды бақылап қана қоймай, олармен бірге ойнау керек. Ал, тәрбиешілер жасы үлкендеріне ойынды таңдауға мүмкіндік береді.
•Бақшаның ғимаратына. Ғимараттың баспалдақтары мен дәліздері, әсіресе санитарлық тораптары таза болу тиіс. Бөлмелерінде бөгде иіс болмасын, температурасы жайлы болуы керек. Топтағы жиһаздарға да назар аударыңыз: шкафтары орнықты тұр ма, есігі ашыла ма, кереуеттердің, үстел мен орындықтардың жеткіліктілігіне де мән беріңіз. Ғимараттың ауданы бала санына сәйкес болуы керек: әр балаға кем дегенде 4 шаршы метр.
•Бақша жабдықтарына. Ата-аналарға арналған ақпараттық стендтері, ой-өрісті дамытатын ойыншықтары, биге, ән, гимнастика және бассейнге арналған бөлмелері бар ма, олардың қаншалықты қауіпсіз жабдықталғанына да зер салыңыз.
•Тағамына. Стендтегі ас мәзірін, сондай-ақ жаңа ыдыстардың жеткіліктілігін бағалаңыз. Жеке бақшалардың ас әлірлейтін блогы болады немесе тағамды жеткізуші компаниялармен келісім-шарттар жасалуы мүмкін. Ас әзірлеу бөлімінен тағамдарының сапасын бақылауға болады.
Тәрбиеші мен бақша қызметкерлерімен не туралы әңгімелесу керек?
Қызметкерлерден күніне қанша мәрте ылғалды тазалау жұмыстары жүргізілетінін, төсек жабындылары қанша уақытта ауыстырылатынын, ойыншықтар жуыла ма, жоқ па, осылар туралы сұраудан қымсынбаңыз. Тәрбиешімен танысыңыз, егер мүмкіндік болса, оқу-тәрбие беру процесін бақылаңыз.
Жақсы тәрбиешінің әр баламен жеке тіл табысу қабілеті болады, ол тыңғылықты және баланы түсінуге тырысып, даулы мәселелерді шеше алады. Сонымен бірге тәрбиеші шамадан тыс жұмсақ болмайды, өйткені баланың қауіпсіздігі қатаң тәртіпке тікелей байланысты. Балалар ұжымында тәрбиешінің қатал болғаны маңызды, бұл оның дөрекі болуы керек деген сөз емес. Тәрбиеші керек жерінде баланы басқару үшін қажетті сарынмен сөйлейді, алайда балаға айқайлап, ашуын балалардан алуға құқы жоқ.
Ата-аналардың көпшілігі тәрбиешілердің баланы баурап алу, оның ішінде әр баламен жеке байланыс орнату, ортақ тіл табыса алу қабілетін бағалайтынын айтады.
Тәрбиешімен баланы дамытуға байланысты сөйлесіңіз: балалар қандай бағдарламалармен айналысады, ол баланың жасына сәйкес келе ме, бақшада баланың бір күні қалай өтеді? Осы мәселелерге байланысты сіздің көзқарастарыңыз сәйкес келуі керек.
Наталия Закирьянова баланы 3 жасқа дейін бақшаға берсеңіз, оған жан-жақты даму қажет екенін айтады. Бұл жаста балаға шет тілдері мен әліппені үйрену қажет емес, дене-шынықтыру, сөйлеуін дамыту, жабыстыру, сурет салу, құрастыру, ән, қоршаған ортамен танысу секілді бағдарламаларды өткені маңызды. Баланың оқу бағдарламаларына қатысты мәселелермен тәрбиешімен, сонымен бірге бақшаның әдіскерімен сөйлесуге болады.
Бақшаға бейімделуі үшін балаға қалай көмектесу керек?
Балабақша – бала үшін өмірдің үлкен де жаңа бір бөлшегі және оған үйрену оның психикасы мен денсаулығына әсер етеді. Жаңа тәртіпке, жаңа ортаға бейімделу оңай емес, әр бала әр түрлі, сондықтан ата-анасы оның тәртібін бақылап, қажет болса көмектесуі тиіс.
Наталия Закирьянованың айтуынша, психологтар баланың бақшаға бейімделуін 3 деңгейге бөледі:
1.Жеңіл бейімделу. Бала ұжымға 2-4 аптада сіңіседі, топта оңай қалады, құрдастарымен бірінші қарым-қатынасқа түседі, күн тәртібіне жеңіл үйренеді, тәрбиешінің "тәйт" дегендеріне бағынады, ата-анасына бақшадағы күнінің қалай өткені туралы, қандай жаңа нәрселерді үйренгені туралы айтып келеді. Бақшаның балаға ұнаған-ұнамағанын білу қиын емес, өйткені барғысы келмесе оның көңіл-күйі бірден өзгереді.
2.Орта деңгейдегі дағдылану. Бейімделу кезеңі – кем дегенде 1,5 ай. Бала ауырады, бақшаға барғысы келмейтінін айтып, ата-анасынан айырылғысы келмейді. Соған қарамастан аз уақыттың ішінде бақшаның сабақтарына кірісіп, ойын ойнап, балалармен сөйлесіп кетеді.
3.Ауыр бейімделу. Бірнеше айдан жылдарға дейін созылады. Бала бақшаға барудан бас тартады. Мұндай балалар күн ұзаққа терезеге телміріп, ата-анасының бақшадан әкетуін күтіп отырады. Ойнамайды, сабаққа да араласпайды, тіпті балалармен қарым-қатынас жасағысы келмейді. Мүлдем бала-бақшадан шығарып алатын жағдайға да жетуі де мүмкін.
"Көп нәрсе баланың жасына байланысты. 1,5 жастағы балаға бақшаға барған ұнамайды, өйткені олар бұл жаста анасына өте жақын болады. Алайда бақшада жақсы жағдай, қызықтыратын тәрбиеші болса, шамалы уақыттан соң бақшаға қызығушылығы оянады. Бала 3-3,5 жаста ғана бақшаға толық барғысы келіп, күн ұзаққа анасынсыз өзін жайлы сезінетін болады", – дейді Наталия Закирьянова.
Баланың бақшаға бейімделуін жеңілдету үшін қажетті дағдыларды күн тәртібіне енгізу керек. Баланы өздігінен киініп-шешінуге, қасық-шанышқыны дұрыс ұстауға үйрету, горшокке өзі отыруға, түрлі тағамдарды ішуге, өзімен жасты балалармен жәні үлкен кісілермен сөйлесуге, бөгде балалармен ойнауға дағдыландыру керек. Баланы топта аз уақытқа қалдырудан бастап, кейін уақытын ұлғайтып отырыңыз. Егер балабақшаға дейін дамыту топтарына барса, оңай бейімделеді.
Балаға бақшаның ұнайтын-ұнамайтынын қалай білуге болады?
Ата-аналар балабақшаны ауыстыруға себеп ретінде балаға тәрбиешінің, дамыту бағдарламаларының ұнамауы, баламен дұрыс қарым-қатынас жасамауы, басқа балалармен жанжалдасу немесе ата-аналарының тәрбиешімен сөзге келуі сияқты фактілерді атаған.
Бақшаны ауыстыру – бала үшін күйзеліс. Өйткені, оған жаңа ортаға қайтадан бейімделу керек. Бақшаны ауыстырмас бұрын шынымен балаға онда қолайсыз ба, ауыстыру қажет пе деген сұрақтар төңірегінде өзіңіз әбден ойланыңыз. Өйткені бұдан кейін баланы бос әуреге салуыңыз мүмкін.
Егер баланың тәртібі соңғы 2-3 айда өзгермесе, алайда сіз баладан күйзелісті байқасаңыз, ол бәлкім бақшамен байланысты. Бұл – сылбырлық, агрессия, әбіржу, жылауықтық, қыңырлық, кекештеніп, мүдіріп сөйлеу болуы мүмкін.
Наталия Закирьянова проблеманың бақшадан екеніне қалай көз жеткізу керектігіне қатысты былай дейді: "Балаға бақшада ойнауды ұсыныңыз. Ол ойынға келісе ме, ойын барысында келеңсіз сөздер айта ма, жоқ па, соған назар аударыңыз. Салған суреттерінде, мүсіндерінде басқа да шығармашылықтарында кемшіліктерді бейнелей ме, жоқ па, байқаңыз.
Бастысы балаңызға сеніңіз: олар жақсы сезеді. Біз үлкендер жиһаздың, ойыншықтардың әдемілігіне мән береміз. Ал, бала бәрін сезеді: олар өзіне жақсы қарағанды, жақсы көргенді бірден біледі".
Бейімделу кезеңі баланың бақшаға қарым-қатынасын көрсетпейтінін есте сақтаңыз. Кейбір балалар таңертең бақшаға барғысы келмейді, алайда кейін топта еркін ойнап, тез сіңісіп кетеді. Егер бақшаны таңдағанда сізде бір күмән болса, баланың қимыл-қозғалысына, оның достары мен тәрбиешімен қалай сөйлесетінін бақылап көріңіз. Наталия Закирьянова баланың бет-әлпетіне зер салуға кеңес береді. Қызметкерлерге өзіңіздің бақшаға келетініңіз туралы айтпаңыз, бала сізді көрмейтін болып, кенеттен барып қалыңыз.
Егер балабақшаға нашар әрі ұзақ уақыт бейімделсе, оның әбіржіп жүргенін байқасаңыз, онда бақша оған жайсыз, бала-бақшаны ауыстыруға себеп бар. "Барлық талаптарға сәйкес келетін бақшаны табу оңай емес. Өзіңіздің басымдықтарыңызды анықтап алыңыз, жағдайды қалай болса солай бағалаңыз. Қайта-қайта бақшаны ауыстырмас бұрын, мүмкіндіктеріңіз бен баланың қажеттілігіне сәйкестерін таңдаңыз" дейді Наталия Закирьянова.