Жылыжай өнімі сұранысқа ие
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Жаңақорған аудандық ауылшаруашылық бөлімінің мәліметінше, бүгінде аудан көлемінде жұмыс жасайтын 4 жылыжай бар. Соның бірі һәм бірегейі – «Жан» шаруақожалығы. Жұмагүл Әжімбекова жетекшілік ететін қожалықтың қарқыны қуатты.
«Биыл егістікке кештеу көңіл бөлдік. Оның өзіндік себебі бар, – деп әңгімесін бастады шаруашылық төрайымы Жұмагүл Әжімбекова. Жыл сайын жылыжай шаруасын ширатып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған қожалықтың берекелі ісіне Талап тұрғындары дән разы.
Бір жыл қияр, келер жылы қызанақ егетін шаруашылық өнімді өткізуде қиындықтар көп болмайды дейді.
«Жылда егілетін 15 соттық жерден алынатын өнімді көбіне Байқоңырға жөнелтеміз. Сондай-ақ, аудан орталығында да келісім бойынша өткізетін екі-үш мекеме бар. Жалпы, субсидия мәселесі бақшаға қаралсын, қаралмасын, біз мемлекеттен қолдау көрмейміз. Сондықтан, шама-шарқынша ышығыны мен ем-домына өзіміз қараймыз», – деді бағбан.
Қожалық қияр мен қызанақ ұрығын Алматы шаһарында орналасқан голландиялық компаниядан алады. Ал, тыңайтқыштар мен дәрі-дәрмекті Түркістандағы «Агро» магазиннен алып келеді. Міне, соның нәтижесінде жылда тонна-тонна өнім мүмкіндік болса өзге өңірлерге де жөнелтіледі. Алайда, бір өкініштісі аудан нарығы жергілікті өнімді сатып алуға құлықсыз. Міне, «Жан» шаруа қожалығының алаңдайтыны да осы жайт.
Ауданның ауыл шаруашылығы саласында ілкімді ілгерілеушілік бар. Оған қоса, жыл сайынғы Жолдау жүгі отандық өнімді бәсекеге қабілетті етіп, нарықтық экономикада өзіндік даңғыл жолын қалыптастыруда. Бір ғана, аудан орталығынан ашылған агроиндустриялық аймақтың әлеуеті зор. Ерінбей еңбек етемін деген диқаншы қауымға бұл үлкен қолдау.