Қазақстанда 500 мың адам онлайн-несиеге қарыз
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Ақшадан тарығып, онлайн-несие алатындардың 55 проценті – жоғары білімі бар адамдар және олардың көбі шаңырақ көтермегендер, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасы.Дегенмен жылдам несиенің шырмауына түсіп, қарызға белшесінен батқандар қаншама. Елімізде онлайн-несие берушілерге үстемені көбейтпеу үшін қандай шара қолданылады?
Самал онлайн-несие туралы таныстарынан білген. Жалақыға дейін ақша керек болған соң, жылдам несие қызметіне бірнеше рет жүгінген. «Алғашқыда барлығын ойдағыдай қайтардым. Кейін қарызыма үстеме қосылып, көбейіп кетті. Енді қанша қиналсам да, жылдам несие алмаймын», – дейді ол.
Былтыр Ұлттық Банк онлайн қарыз беретіндердің жылдық проценттік үстемелеріне шектеу енгізді. Шағын несие беретіндерге 56%, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге 100% асырмау туралы талап қойылды. Бұған дейін салада берілген сомаға 2,5 мың процент үстеме қосқан компаниялар кездескен.
«Қазақстанда соңғы бес жылда 200 млрд теңгенің онлайн-несиесі берілген. Жан басына шаққанда 3-4 қарыздан келеді. Бұл – қалыпты жағдай. Себебі бізге 15-16 несие қарызы бар адамдар да хабарласады. Олар түрлі сомада ақша алып, проценті көбейген соң қайтара алмай жүреді. Біз олардың келісімшарттарын мұқият тексеріп, заңсыз үстемелер болса, берешегін азайтуға көмектесеміз», - дейді қарызды төмендетумен айналысатын онлайн-қызмет директоры Нұрхан Ескендір.
Статистикаға сүйенсек, қазір елімізде жарты миллион адамның осындай қарызы бар. Күмәнді келісімшартқа қол қояды. Кепілсіз ақша алады. Кейіннен еселеп артқан қарызын жаба алмай жүреді. Оларды кінәлауға болмайды, себебі көбі келісімшартты оқымайды. Бұл – қарыз алушыларға үстемені азайтуға көмектесіп, онлайн-қызмет көрсететіндердің пікірі.
«Онлайн-несие беретін бір ірі компанияға Қазақтандағы нарықтың 60% тиесілі. Ресейдегі үлесі де сондай. Сондай-ақ тағы 16 мемлекеттте кепілсіз ақша берумен айналысады. Олар негізінен халқының қаржылық сауаттылығы төмен елдерді таңдайды. Мысалы, Вьетнам, Индонезия мемлекеттерінде онлайн-несие кең тараған», - дейді қарызды төмендетумен айналысатын онлайн-қызмет директоры Нұрхан Ескендір.
Мұғалім, құрылысшы, кәсіпкер, медицина қызметкерлері. Онлайн-несие алатындардың нақты бейнесін суреттеу мүмкін емес. Тізімде түрлі санат өкілдері бар. Қоғамға кірігіп кеткен қызметтің бұл түрімен еліміз бойынша 300-ге жуық компания айналысады. Олардың тек 10-ны – отандық. Қалғаны сырттан келген.