Тері-венерологиялық диспансерінің әлеуметтік желідегі жазбасына қатысты сын айтылды
«Facebook» әлеуметтік желісін пайдаланушы қызылордалық Қарлығаш Әбдірахманова облыстық тері-венерологиялық диспансерінің әлеуметтік желі парақшасындағы жазбаға қатысты өзінің наразылығын білдірді, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
«Мынау не масқара? Мектеп оқушыларына жыныстық жолмен берілетін ауруларды айттыңыздар ма? Латексті презервативті дұрыс пайдалануды түсіндірдіңіздер ма? Не жазып, не салып отырсыздар өзі?», - деп жазады Қарлығаш Әбдірахманова.
Жыныстық жолмен берілетін инфекцияның алдын алу бойынша облыстық тері-венерологиялық диспансері мамандарының ұйымдастыруымен тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Атқарылған іс-шара бойынша әлеуметтік желіде жазба қалдырған облыстық тері-венерологиялық диспансері жазба соңында мектеп оқушыларының суреттерін жариялаған.
«Көптеген ЖЖБИ ерлерде де, әйелдерде де болады. Бірақ, денсаулыққа қатысты күрделі мәселелер көбінесе, әйелдерде орын алады. Егер жүкті әйелде ЖЖБИ болса, бұл сәбидің денсаулығында мәселелер әкелуі мүмкін. Латексті презервативтерді дұрыс қолдану ЖЖБИ жұқтыру немесе таралу қаупін едәуір азайтады, бірақ, толығымен жоймайды» делінген облыстық тері-венерологиялық диспансерінің парақшасында.
Әлеуметтік желі белсендісі Қарлығаш Әбдірахманова бұл тақырыптағы жазбаға мектеп жасындағы қыздардың суретін жариялағаны үшін шағым түсіретінін де жеткізген.
«Жыныстық жол, ауру әйел деп құп-құттай оқушы қыздарды салғансыздар. Жауап беріңіздер! Шағым түсіремін үстеріңізден», - дейді ол.
Жазбаға қатысты оқырмандардың да пікірі екіге жарылуда. Оқырмандардың бірі «Мына істеріңіз отбасыға үлкен психологиялық соққы болып тию мүмкін», десе, екіншісі «Ұлы сөзде ұят жоқ» деген сөз бар қазақта. Бұндай шаралар жоспарланбаған жүктілік, аборт жане т.б. аурулардың алдын алады», - дейді.
Бұл мәселеге байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы да жауап жолдаған.
«Жоғарыдағы суреттерге байланысты тиісті мамандарға ескертпелер берілді. Дегенмен, бұл жұмыс ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2011 жылғы 23 мамырдағы №312 «Дерматовенерологиялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының қызметі туралы қағиданы бекіту туралы» бұйрығының №1 ережесінде «Барлық медициналық көмекке әрбір жаңадан жүгіну кезіндегі 12 жастан бастапқы тұлғалар» міндетті түрде жыныстық жолымен жұғатын инфекцияларға микропреципитация анализі арқылы 100% тексерілуге тиіс деп көрсетілген. Аталған бұйрықтың ережесі негізінде және Қызылорда облысы бойынша жыныстық жолымен жұғатын инфекциялардың алдын алу мақсатындағы айлық іс-шаралар жоспарын орындау барысында профилактикалық теркеру (микрореакция анализін алу, тері бетін сырттай тексеру, ақпараттық-танымдық материалдар тарату) жұмыстары атқарылуда», - дейді басқарманың баспасөз қызметі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының жауабында бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы облыстық білім беру және денсаулық сақтау басқармаларының бірігіп бекіткен 2019 жылға арналған салааралық іс-шаралар жоспары бойынша орындалып келе жатқандығы да айтылған.
«Себебі қазіргі таңда жыныстық жолымен жұғатын инфекциялар тек жыныстық қатынас арқылы емес, сонымен қатар тұрмыстық қатынас арқылы жұққан жағдайлар да орын алуда. Екінші сұрағыңыз бойынша әлеуметтік желідегі хабарламалар кең аудиторияға бағытталуына байланысты мүшеқаптың (латексті презерватив) ЖЖЖИ-ды жұқтырмауда тиімділігі жайлы еске салу ретінде көрсетілген», - дейді басқарманың баспасөз қызметі.