Университетте қолөнер бұйымдарының көрмесі өтті
ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде қолөнер көрмесі өтті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
«Сырдың өнері – таусылмас азық, жұтамас байлық» тақырыбындағы қолөнер көрмесіне студент жастардың бұйымдары қойылды. Көрмеге келушілер студенттердің жұмыстарымен танысып, жақсы бағалады. Шебер студенттердің арасында қазіргі таңда кәсіби мамандықтарымен қызмет жасап жүргендері де бар. Оған қоса, университет жанындағы «Business Start» инновациялық жобаларды іске асыру орталығының көмегімен өз кәсібін ашқан студенттер де жоқ емес.
Көрмеде әрбір ұсынылған туынды табиғи шикізаттардан, тұрмысқа қажетті мүліктер, әшекей-бұйымдар, музыкалық аспаптар, қару-жарақ, құрал-саймандар қарапайым еңбек құралдарының көмегімен көркем композиция ретінде жасалынған. Әрбір қолөнер туындысы өз заманының материалдық мәдениетінің үлгісі және халық талғамының, әлеуметтік қоғамдық жағдайының, діни сенімінің, салт-дәстүрінің нақтылы көрінісі. Көрменің мақсаты да осы, яғни білім алушылардың еңбектерін көрсете отыра, келушілер арасында салт-дәстүрді насихаттап, халық өнерін қастерлеуге, үлгі тұтуға баулу.