Қызғалдақ жұлып, суретке түскен жігіттер жауапқа тартылды
Түркістан облысында қызғалдақ жұлған азаматтарға қатысты Қылмыстық кодекстің 339 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.Қызыл кітапқа енген "Грейг" қызғалдақтарын жұлған 8 факті анықталған.
Бұл тізім мұнымен тоқтамайтын сыңайлы.
Өйткені табиғат аясына шығып, құрып кету қаупі жоғары қызғалдақтарды жұлған, онымен қоймай, суретке түсіп, әлеуметтік желілерге жариялап жүргендер аз емес.
Осы орайда Түркістан облысының полиция департаменті қызметкерлері 1 мен 30 сәуір аралығында облыс аумағында "Қызғалдақ" іс-шарасын өткізіп жатыр.
Тәртіп сақшылары осылайша табиғат құндылықтарына бейжай қарап, жауапсыздық танытқандармен күресті жандандырмақ.
"Грейг" қызғалдақтарын жұлған үшін ҚР ҚК-нің 339 бабы "өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналасу" сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылғандығын ескертеміз "- дейді Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.