«Nur Otan» партиясы Қызылорда қалалық филиалының кезектен тыс XXIII конференциясы өтті
Қызылордада «Nur Otan» партиясы Қызылорда қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен қалалық партия филиалының кезектен тыс XXIII конференциясы өтті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Аталған жиынға арнайы «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес қатысты.
Конференцияның күн тәртібіне екі мәселе ұсынылып қаралды. Онда нұротандықтар алдымен партияның кезекті ХVIII съезінде Партия Төрағасының тікелей тапсырмасымен қабылданған "Халыққа көмек", "Құтты мекен", "Бақытты отбасы", "Ауыл ел бесігі" атты жобалардың нәтижелі жүзеге асыру мәселелерін жан-жақты талқыланды.
Мәселен, "Халыққа көмек" партиялық жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Гүлмира Рахметова, «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясындағы жұмыстарды «Ақжарма» ауылдық округінің әкімі, «Ақжарма» бастауыш партия ұйымының төрағасы Жұмабек Әлиевтер баяндап, халықтық жобалардың алдағы уақытта да өз дәрежесінде жүргізілетіндігін және бұл жобалар «Nur Otan» партиясының тікелей бақылауында тұрғандығын жеткізді.
Еңбек және партия ардагері, «Жәрдем» бастауыш партия ұйымының төрағасы Сағындық Шәмшиев Партия Төрағасы, Тұңғыш Президенттің халықтың әлеуетін арттыруға жасап отырған ерен еңбегін, сондай-ақ бұл жобалардың түп нәтижесі бақытты отбасында, бақытты елде бақуатты өмір сүруге бағытталып отырғандығын айтты.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша.«Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалының кезектен тыс ХХІV конференциясына делегаттар сайланды.