Болашағы зор бірегей кәсіпорын
Жаңа технологиямен жұмыс жасайтын «СКЗ-U» ЖШС күкірт-қышқылы зауытының бүгінде жылдық қуаты 500 мың тонна болса, күніне 1500 тонна шикізат өндіреді, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Жаңақорған ауданы Кейден ауылының маңында орналасқан өндіріс орны «Қазатомпром» АҚ-ға қарасты уран өндіретін кәсіпорындарды күкірт қышқылымен қамтамасыз етеді. Қалдықсыз өнім шығаруды мақсат еткен зауытта шикізаттың өнімге айналу мөлшері 99,9 процент. Экономикаға ауқымды үлес қосқан зауытта бір қуантарлығы қызметкерлердің басым көбі жергілікті жердің қызметкерлері. Яғни, зауытта, 271 қызметкер болса, соның 171-і аудан халқы. Оның ішінде Кейден ауылдық округінің тұрғындары да аз емес.Зауытқа шикізат вагонмен тасымалданады. Атырау облысынан күніне 10 вагон күкірт келетін болса, осы жобада күкірт қышқылы вагон арқылы Шиелі өңіріне жөнелтіледі.
«Алғаш еңбек жолымды теміржол саласынан бастадым. 10 жылға жуық уақыт темір жол торабында тәжірибе жинақтап, 2013 жылы «СКЗ-U» зауытына қызметке орналастым. Бүгінде қолымнан келгенше жас мамандарға жол көрсетіп, өмірлік тәжірибеммен бөлісіп отырамын», – деді теміржол жөндеуші Болат Әлиханов.
Қазір Болат Әлиханов жұмыс жасайтын бөлімде 20-ға жуық қызметкер бар. Жүк түсіруші, оны тиеуші және бүгінгі біздің кейіпкер.
«СКЗ-U» ЖШС-да күкірт қышқылымен қатар электр энергиясы да өндіріледі. 2013 жылы зауытта алғашқы өнім шыға бастағаннан-ақ, электр энергиясына сұраныс артқандықтан, өндіріс орны 420 кВт-тық өзінің күн электр станциясын іске қосты. Бүгінде аталған электр энергиясы серіктестіктің жұмысшылар тұратын қалашығын толықтай жарықпен қамтамасыз етіп отыр. Отандық өндірісте елеулі орны бар зауыт жұмыстың табиғатқа залал келтірмеуін басты мақсат еткен.
Серіктестік болашақ мамандарды дайындауда да белсенділік танытуда. Бүгінгі күні кәсіпорын есебінен бірнеше студент жоғары оқу орнында, одан кейін колледждер де өндіріске қажетті мамандықтарды игеруде. Одан бөлек, жас мамандардың қызметке орналасуына, келешегіне шырақ жағуына үлес қосып келеді.