Нотр-Дам шіркеуінің жөндеу жұмыстарына кемі 5 жыл қажет
Нотр-Дамның шатырындағы 150 жылдан астам уақыт бойы тұрған 16 мүсін өрттен аман қалды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Олар осыдан бір апта бұрын шешіліп, жөндеу жұмыстарына жіберілген болатын. Францияның мәдениет министрінің айтуынша, Нотр-Дамның негізгі бөлігі өртенбеген. Ондағы шіркеу мұнарасы мен арнайы сақталатын орында тұрған жәдігерлер аман қалды. Ал шіркеудің төбесі мен шатырұшы қирап, емен ағашынан жасалған бөренелері жанып кеткен. Ел президенті Эммануэль Макрон «Нотр-Дам қайта қалпына келтіріледі» деп халыққа уәде берді. Мамандар жөндеу жұмыстарына 5 жылдан астам уақыт кететінін айтады.
«Құтқарушылар әлі де жұмыстарын жалғастырып жатыр. Әзірше өрттен келген шығын мөлшерін айта алмаймыз. Елімізде бұндай ауқымды апат бұрын соңды болмаған. Күрделі жөндеу жұмыстары күтіп тұр. Бастысы - ғимараттың негізгі құрылымы мен екі мұнара сақталып қалды. Сәулетшілер мен сарапшылар оның қазіргі жағдайын бағалайтын болады. Ол үшін алдымен арнайы сараптама өткізіледі», - дейді Францияның Ішкі істер министрлігінің мемлекеттік хатшысы Лоран Нуньес.