Қазақстанда тегін дәрі-дәрмек беру процесі қатаң бақыланатын болды
Қазақстанда тегін дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды беру процесі қатаң бақылауға алынады, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Денсаулық сақтау министрлігі, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ мен «СҚ-Фармация» ЖШС бірлескен жобасы өткен жылдың соңында сынақтан өткізілген болатын. Нобайлы жобаны ісе асыру барысында 191 603 SMS-хабарлама жіберілді. Сонымен қатар, абоненттерден 8123 жауап келіп, мамандар 1218 қоңырауға жауап берді.
Медициналық сақтандыру қоры былтырдан бастап кепілдендірілген тегін көмек пакеті шеңберінде берілетін дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарына ақы төлеу тәртібін өзгерткен болатын. Жаңа тәртіп бойынша, дәрі қолма-қол берілген және «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» ақпараттық жүйесіне дәрінің берілгені туралы белгі соғылған рецептілерге ғана ақы төленуі тиіс.
Маусым айының соңына дейін пациенттерге SMS-хабарлама жолданады. Хабарлама жүйеге 2019 жылы 1 қаңтардан 30 маусымға дейін тегін-дәрі дәрмек алғандар ретінде енген тұрғындарға жіберіледі. Жалпы алғанда, ақпараттық жүйеде көрсетілген 5,7 млн телефон нөміріне хабарлама жіберу жоспарланып отыр.
Хабарламада рецептінің нөмірі мен дәрінің берілген күні көрсетіледі. Препараттар шын мәнінде қолына тимеген пациенттер SMS-хабарламаға жауап ретінде «0» цифрын жолдай алады немесе «СҚ-Фармация» ЖШС-нің 1439 байланыс нөміріне қоңырау шалса болады. Қоңырау шалу да, SMS -те– тегін.
«Хабарламаны тегін дәрі алған пациенттердің бәрі бірдей алады деу қиын. Себебі, олардың арасында телефон нөмірлерін қате көрсеткендер де болуы мүмкін. Сондықтан тұрғындарға хабарлама келмеген жағдайда «СҚ-Фармация» компаниясының байланыс орталығына хабарласуға болатынын ескертеміз», - деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Руслан Бектібаев.
МСҚ республикалық бюджеттен қаржыландырылатын тегін медициналық көмек (ТМККК) пакетінің және жұмыс берушілер, азаматтар мен мемлекет жарнасы есебінен қаржыландырылатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакетінің операторы. Қор 2018 жылдан бастап ТМККК пакеті шеңберінде көрсетілген медициналық көмек ақысын төлеп келеді. Ал, МӘМС пакеті бойынша қызмет көрсету 2020 жылы басталмақ.
Дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сатып алумен «СҚ-Фармация» ЖШС айналысады. «СҚ-Фармация» препараттар мен медициналық бұйымдарды келісімшарт бекіткен медицина ұйымдарыныңөтінімі негізінде сатып алады.
2019 жылы МСҚ мен «СҚ-Фармация» ЖШС 86,9 млрд теңгеге келісімшарт бекіткен болатын. 2019 жылғы 1 қаңтардан 31 наурызға дейін Қызылорда облысы бойынша медициналық ұйымдар 574,5 млн. теңгеге рецепт жазып берген, соның ішінде 539,4 млн. теңгенің дәрісі пациенттердің қолына тиген. Өткен жылы аймақтың тұрғындары 4,4 млрд. теңгеге тегін дәрі-дәрмек алды.