Қызылорда облысында биыл жүзге жуық адамды кене шаққан
Қызылорда өңірінде биылғы жылдың 3 айында 100-ге тарта адамды кене шаққан. Ал өткен жылы бір тұрғын көз жұмған болатын.
Сондықтан бұл мәселе өңірде өзекті. Осыған орай конго-қырым қанды безгегі шығуы мүмкін 123 елді мекен анықталды. Індет ошақтарын залалсыздандыруға арнайы мамандандырылған мекемелер жұмылдырылып, бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 214 миллион теңге қаржы бөлінген, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz«Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Жыл сайын эпидемиолог мамандар өңірдегі конго-қырым қанды қызбасының ошақтарын анықтайды. Соның нәтижесінде кенелерге қарсы кешенді күрес жүргізіледі. Бірер күн бұрын залалсыздандыру жұмыстары Сыр өңірінің оңтүстігінен басталды. Бүгінде Жаңақорған, Шиелі аудандары мен Қызылорда қаласында кенеден келетін кеселдің алдын алу шаралары жалғасып жатыр.
Ал мамыр айында облыстың солтүстік аудандары қамтылады. Барлығы 32 мың қора-жайды залалсыздандыру жоспарланған.
«Көбіне кенелер қоралардың төбесіне, қуыс жерлеріне түседі. Ал оған қарапайым тәсілмен дәрі сеуіп, залалсыздандыру мүмкін емес. Сондықтан біз тиімді технологияларды және күшті дәрілерді қолдануға тырысамыз. Біз қолданатын препараттар арнайы лобараторияда тексерістен өткізілген», - дейді мердігер мекеменің директоры Мырзабек Қабделов.
Жалпы кенеге қарсы дәрілеу жұмыстары көктем және күз мезгілінде араға 10 күн салып 2 реттен жүргізіледі. Зиянкестер препараттарға бой үйретіп алмау үшін әр маусым сайын дәрі түрін ауыстырып тұрамыз,- дейді мамандар.
«Былтыр 127 елді мекен қолайсыз елді мекен болып табылып, бірақ қосымша 37 елді мекен осындай көктемнің кезінде кененің көбеюіне байланысты және адамдарды шағуына байланысты 164 елді мекенге дейін өсті. Биыл да басы 123 елді мекенмен басталып тұр, ал бірақ қосымша елді мекендер анықталатын болса, бізде қаражат толық жеткілікті, әрі қарай залалсыздандыру жұмыстары толығымен қай елдімекенге қажет, соның бәрі жасалатын болады»,- дейді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Жаңабаев.
Өткен жылы 1105 облыс тұрғынын қауіпті жәндіктер шағып, 13-і зардап шекті. Оның 4-еуі конго-Қырым геморрагиялық қызбасы вирусын жұқтырған. Өкінішке орай, бір адам осы кеселден көз жұмды. Ал жыл басынан бері аймақта жүзге жуық адамды кене шаққаны анықталып отыр. Бір қуантатыны, олардың ешқайсысы қауіпті ауруға шалдыққан жоқ.