Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да ғылыми конференция өтті
Бүгін Президенттік институттың 30 жылдығына арналған «Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен дамуындағы Президенттік институттың ролі мен маңызы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Жиынға Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалым-профессорлары, білім алушылары, «НұрОтан» партиясы Қызылорда облыстық филиалының мүшелері, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Қазіргі таңда Президент институты мемлекеттілігіміздің іргетасы, барлық демократиялық бастамалардың қайнар көзі, қоғамдағы саяси-әлеуметтік бірліктің берік кепілі болып табылады. Әз-Наурыздың қарсаңында еліміз өмірінде аса маңызды саяси оқиғалар орын алды. 19 наурызда ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Қазақстан Республикасы Президенті ретіндегі өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде шешім қабылдағанын жария етті. Бұл - мемлекеттің болашағына деген қамқорлықтың шынайы көрінісі.20 наурызда Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, Парламент палаталарының бірлескен отырысында, Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел халқына ант беріп, қалған мерзімге Қазақстан президенті қызметіне ресми түрде кірісті. Алайда, Мемлекет басшысы 9 сәуір күні елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз етіп, алға басу үшін, әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді өз айқын да батыл жүзеге асыру үшін ҚР президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы шешім қабылдағынын Қазақстан халқына жария еткені баршамызға белгілі. Енді екі айға жетер-жетпес уақытта, яғни 9 маусымда,кезекте тыс президент сайлауы өтетін болады. Конференцияның мақсаты–Қазақстан Республикасында Президенттік институттың қалыптасуы және оның дамуындағы сабақтастық мәселелерін зерделеу, Мемлекет Басшысының саясатына қолдау көрсету.