Сырдарияда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүйелі жүзеге асуда
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттер Сырдария ауданында жүйелі жүзеге асуда, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Аудан әкімдігінің мәліметіне сәйкес Сырдарияда бағдарламаны іске асыру мақсатында аудан әкімінің бекітуімен арнайы іс-шаралар жоспары қабылданған. Бүгінде насихаттық іс-шаралардан бөлек, бірқатар мәдени нысандар мен аудан тарихынан сыр шертетін демалыс орындары ашылды.
Мәселен, «Туған жер» кіші бағдарламасы аясында облыс әкімі Қ.Көшербаевтың қатысуымен "Еңбек даңқы" музейі ашылды. Аталған музейде ауданның әлеуметтік-экономикалық, дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғалар, ауданның тарихы мен дамуына қызмет жасаған қайраткерлер және ауданның Тәуелсіздік жылдардағы жетістіктері туралы мәліметтер қойылған.
Сонымен бірге, Тереңөзек кентінен «Парасат алаңына» Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері, Мемлекет және қоғам қайраткерлерінің ескерткіш–бюсттер орнатылды. «Парасат алаңының» ашылуына ҚР Праламент Сенатының депутаттары бастаған зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ал, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында облыстың өңірлік қасиетті нысандар тізіміне аудан бойынша Асанас қалашығы, Қалжан ахун мешіт-медресесі, Асанас ата, Қожан қожа, Құлболды ишан және Мүлкәлән әулие кесенелері енгізілді.
Іс-шаралар жоспары бойынша аудан мектептерінде және аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты ауылдық кітапханаларда кітап көрмелері, тақырыптық кештер, түрлі жанрларда байқаулар, экскурсиялар да ұйымдастырылып келеді.
Бағдарламаның «Руханият ошағы» жабасы аясында аудандық кітапханада жаңадан «Сoworking» орталығы ашылды. Орталықта кітапханаға келушілерге ыңғайлы креслолар, үстелдер, жұмыс орындары, бірлескен және жеке жұмыстарға арналған алаңдар, принтерлер мен сканерлер, ақысыз Wi-Fi орнатылып, жедел интернет, Skype арқылы сұхбаттасу мүмкіндігі жасалған. Сондай-ақ, бүлдіршіндерге арналған бөлмеде балалар шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойындарын ойнап, ертегілер оқып, мультфилмдер көрулеріне болады.
Сондай-ақ, «Өзгерістерді өзіңнен баста» жобасы аясында «Көше кітапханасы» атты жоба жүзеге асты. Көше кітапханасының сөресі Тереңөзек кенті орталығындағы Д.Қонаев көшесінде орналасқан. Аудан тұрғындары өздері ұнатқан кітаптарын оқуға, алып кетуге және кейін қайтарып немесе орнына басқа кітаппен ауыстырып оқуына мүмкіндік жасалды.
Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша 2019 жылға арналған жұмыс жоспары негізінде мәдени көпшілік шаралар биылғы жылы да өз жалғасын табатын болады.