Байқоңыр қаласында мемлекеттік органдардың жаңадан 10 бөлімшесі ашылады
ҚР Парламент Сенатының жалпы отырысында Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы нормалардан тұратын заң жобасы ратификацияланды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz Baq.kz сайтына сілтеме жасап.
ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы Марат Нұрғожин заң жобасын таныстырды.«2006 жылы 26 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында «1995 жылғы 23 желтоқсандағы ҚР мен РФ арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы үкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы» хаттамаға қол қойылды. Хаттама Байқоңыр қаласында жұмыс істейтін мемлекеттік органдар тізбесіне қосымша ҚР 10 мемлекеттік органының бөлімшелерін қосуды көздейді. Олар – Қоршаған ортаны қорғау, жерді қорғау және пайдалану, жұмыспен қамту және әлеуметтік, әділет, мемлекеттік кірістер, статистика, қазынашылық ұлттық қауіпсіздік, шекара қызметі және сот әкімшілігі саласындағы уәкілетті органдардың бөлімшелері», - деп айтты Нұрғожин.
Министрдің міндетін атқарушы бұрын бұл келісімде прокуратура, Бәйтерек кешеніндегі ҚР Президентінің арнайы өкілі, ғарыш қызметі саласындағы, мемлекеттік мүлік, ішкі істер, Қорғаныс және Ұлттық банк секілді тек 8 орган бекітілгенін атап өтті.
«Хаттамамен болашақта мемлекеттік органдардың жаңа бөлімшелерін ашу рәсімін жеңілдету қарастырылған. Жекелеген хаттамаға қол қоюды және оны кейіннен ратификациялауды қажет етпейтін, оның орнына тараптар арасында ноталар алмасу жеткілікті болады. Жоғарыда аталған мемлекеттік органдардың бөлімшелерін ашу Байқоңыр қаласының тұрғындарына барлық қажетті қызметтер мен ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді. Ресей тарапынан бұл хаттаманың күшіне енуіне байланысты мемлекетішілік рәсімдер орындалды», - деп сөзін түйіндеді ол.