Қызылордада 16 спорт нысаны пайдалануға берілді
Биыл Қызылордада 16 спорт нысаны пайдалануға беріледі, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Сыр өңірінде еліміздің атын халықаралық аренада танытып, көк байрағымызды биікке көтеріп жүрген спортшыларымыз еркін дайындалатын спорттық нысандар көптеп салынуда.
Өткен жылы саланың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында облыстық бюджеттен 7 кешен салынды. Атап айтар болсақ, Жанқожа батыр, Мəдениет, Ақжарма, Еңбекші, Түгіскен ауылдарында жəне Сексеуіл, Төретам кенттерінде спорт кешендері пайдалануға берілді.
Мемлекеттік-жеке меншік əріптестік аясында 2017 жылы облыс орталығындағы «Тарлан», «Мерей» мөлтек ауданы, Шиелі ауданындағы Ақмая, Алғабас ауылдарында спорттық сауықтыру кешендері іске қосылған болатын. Сондай-ақ былтыр Жалағаш ауданындағы Таң ауылында, Жаңақорған кенті мен Сүттіқұдық ауылы және Шиелідегі Бестам, Төңкеріс елді мекендерінде дене-шынықтыру сауықтыру кешендері ел игілігіне есігін айқара ашты.
«Бұл мақсаттағы жұмыстар биыл да жалғасын табатын болады. Ағымдағы жылы 22 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда», - дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.