Байқоңыр тұрғындарына мемқызметтерді көрсету жеңілдеді
Парламент Сенатының жалпы отырысында «1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан мен Ресей арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Хаттамаға 2016 жылғы желтоқсанда Санкт-Петербор қаласында қол қойылды.
«Хаттама Қазақстанның Байқоңыр қаласында жұмыс істейтін мемлекеттік органдар тізбесіне қосымша еліміздің 10 мемлекеттік органы бөлімшелерін қосуды көздейді. Олардың арасында қоршаған ортаны қорғау, жерді қорғау және пайдалану, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, әділет, мемлекеттік кірістер, статистика, қазынашылық, ұлттық қауіпсіздік, сондай-ақ шекара қызметі және сот әкімшілігі саласындағы өкілетті органдардың бөлімшелері ескерілген», - деді ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы Марат Нұрғожин.
Айта кетейік, бұрын бұл келісімде Байқоңыр қаласында тек 8 мемлекеттік орган бекітілген, яғни сот, прокуратура, аэроғарыш комитетінің бөлімшесі, Байқоңыр кешеніндегі ҚР Президентінің арнаулы өкілі және басқа да органдар қамтылған еді. Осылайша, Байқоңыр қаласында Қазақстан Республикасының 18 мемлекеттік органы жұмыс істейтін болады.
«Хаттамамен болашақта мемлекеттік органдардың жаңа бөлімшелерін ашу рәсімін жеңілдету қарастырылған. Жоғарыда аталған мемлекеттік органдардың бөлімшелерін ашу Байқоңыр қаласының тұрғындарына барлық қажетті қызметтер мен ақпаратты жедел алуға мүмкіндікті береді. Ресей тарапынан бұл хаттаманың күшіне енуіне байланысты мемлекет ішіндегі рәсімдер орындалды», - деді Марат Нұрғожин.