Қызылордада робототехникадан облыстық чемпионат өтті
Қызылордада робототехникадан облыстық іріктеу чемпионаты өтті.
Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы бөлімінің басшысы Әлима Әбдіхалықованың айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басым бағыттарының бірі – сананың ашықтығы. Яғни жаңалықты, инновацияны, жаңа технологияны игеру. Өркениет көшіне ұмтылған балаларды қолдау – басты мақсат.
«Бүгінгі чемпионатты Қазақстан Робототехника федерациясы мен біздің орталық бірлесіп ұйымдастыруда. Шараның дәл осы мезгілде өтуінде де сыр бар. Өйткені, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарық көргеніне екі жыл толып отыр. Әрі мақалада көрсетілген міндеттердің үдесінен шығу мақсатында талантты, еңбекқор өрендерді ынталандыратын осындай шара өткізілуде», – дейді ол.
Әлима Әбдіхалықованың пікірінше, қазіргі заманғы технологиялық және экономикалық жаңалықтар қалыпты өмір дағдысын өзгертуде.
«Цифрлық технологияның қарыштап дамығаны сонша, кезінде бірнеше адамның атқаратын жұмысын бір ғана тетікпен басқаруға болады. Қазірдің өзінде қарапайым құжат айналымынан ірі өндіріс саласында электронды қызметті пайдаланып жүрміз. Болжамға сенсек, келешекте бірнеше мамандық мүлдем жойылып кетуі мүмкін. Қазірдің өзінде болашағы жоқ мамандықтар тізімі жасалуда. Сол үшін бүгіннен бастап, баламызды ақпараттық технологияға баулуымыз керек. Ертең барлық сала цифрлық технологияға көшкенде, роботтарды басқаруды, ақпараттық технологияны игеруді осы бастан меңгергеніміз жөн. ХХІ ғасыр – робототехника ғасыры. Қазақстан Робототехника федерациясы жыл сайын мектеп оқушылары мен студенттер арасында чемпионат ұйымдастырып келеді», – деді Әлима Әбдіхалықова.
Оның айтуынша, биылғы жылдан бастап аймақта орта білім беру мекемелерінде робототехника сыныптары ашылып, робототехника үйірмелері қарқынды жұмыс істеуде.
Робототехникадан өтетін облыстық іріктеу чемпионатына жыл санап қатысушылардың қатары артуда. Биылғы шараға 400-ге жуық мектеп оқушысы келді.
Қызылорда қалалық оқушылар сарайының қосымша білім беру педагогы Мақсат Серікбаевтың айтуынша, жылдан-жылға облыстық іріктеу турына қызығушылар көбейген. Алайда аудан, ауыл мектеп оқушыларының қатысуы төмендеу екен.
«Чемпионат «Болашақ» университетінде өтіп жатыр. Университет ректоры Қуаныш Дәуренбеков жеңімпаздарға 2 білім грантын тағайындап отыр. Мұндай марапат бұрын-соңды болмағанын ескеріп, жаңа басшының жастарды қолдаудағы бастамасына алғыс айтып жатырмыз», – дейді Мақсат Серікбаев.
Іріктеу чемпионаты екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде «KazRoboproject-2019» жобалар көрмесі ұйымдастырылса, одан кейін спорттық робототехникалар жарысы өтті.
Мәселен, Шиелі ауданы №47 М.В.Ломоносов атындағы мектеп-лицейдің оқушылары Диас Шәмен пен Жәния Әлибаева Smart киіз үй ойлап тапты. Киіз үй роботтар көмегімен жүреді және күн, жел энергиясымен жарықтандырылған.
«Киіз үй – қазақтың ғажайып туындысы. Сондықтан біз заманауи үйден гөрі киіз үйді қайта жаңғыртып, бүгінгі күнге лайықтап жасауды мақсат еттік», – дейді Жәния.
Ғылыми жобалар бойынша қатысушы мектеп оқушылары әжелердің ұршығын айырбастайтын жіп иіргіш робот, желдеткіш, балама энергия көздерімен жұмыс істейтін наубайхана, шөп оратын машинаны бақылайтын ауылшаруашылық базасын ойлап тапқан. Аталған жобалардың барлығы дерлік смартфон арқылы басқарылады.
Айта кетейік, чемпионат қорытындысында екі бөлім бойынша жеңімпаздар анықталып, марапатталды. Жеңімпаздарға республикалық чемпионатқа жолдама берілді.