Жалағашта колледж жанынан жылыжай салынған
Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжі қайтарымсыз грант алып ауласына жылыжай салған, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Колледж мамандары былтыр жылыжайға қызанақ пен қияр еккен. Биыл тек қияр өсіруде. Жылыжай ісін дөңгелетіп жүрген маман Ермек Серәлиевтің айтуынша, қызанақ пен қияр бір жылыжайға орналастырылса, шыққан өнімнің сапалы болуына зиян келтіреді. Бұл тәжірибеде бар тәсіл. Сондай-ақ, жылыжайда түрлі гүлдер өсірілуде.
«Жарты ғасырдан астам тарихы бар білім ошағында ұзақ жылдан бері еңбек етіп келемін. Өткен жылдан бері жылыжай ісін қолға алғалы мұнда өзім жауапты маман ретінде бекітілдім. Былтырғы жұмысым жемісін берді. Қызанақ пен қиярдан мол өнім алдық. Биыл да шығысы жаман емес. Бұл жылыжай тек табыс көзі ғана емес, мұндағы жастардың тәжірибе шыңдауына да қолғабыс болып отыр. Өзім жылыжайда жұмыс жасайтын уақытта шәкірттерімді алып келіп, қай көкөністің күтімі қалай болатынын жетік үйретемін. Олардың да бұл салаға қызығушылығы басым. Алдағы уақытта жастардың ішінен кәсіпке бет бұрып жатқандары болса, бұл үлкен дәріс болады», – дейді Ермек Серәлиев.
Былтырдан бері білім ошағы жанынан тағы да «Жеміс, көкөніс өсіруші» мамандығы ашылған еді. Бұл игі бастама қолға алынғалы жаңа мамандықты таңдаушылардың қатары көбейген. Қазірдің өзінде 1-1,5 елідей көлемі бар қияр түйнегі әрі кетсе 3-4 аптада жемісін береді. Игі бастама келер жылы да жалғасын табады деп сенеміз.