Қызылордалық магнит-адам Олимпиада чемпионын сырқатынан айықтырды (видео)
Қызылордалық магнит-адам Нартай Тұрсанов Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы Ниджат Рахимовты сырқатынан емдеген, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Бүгінде ел арасында магнит-адам деп танылған Нартай Тұрсанов өзін ерекше дарын иесі екенін айтады. Ол өзінің денесіне 200 келіге дейін темір жабысатынын мақтанышпен айтады. Осындай ерекше қасиетін ол дертіне шипа іздеп келгендерге пайдаланып, олардың аяқтан тұруына көмектесуде. Нартай Тұрсановтан көмек сұрай келгендердің бірі 2016 жылы ауыр атлетикадан Олимпиада чемпионы Ниджат Рахимов.
Чемпион Алматыдағы танысы Ернар есімді жігіттен қызылордалық магнит-адам туралы естіп, Сочи қаласынан Қызылордаға арнайы ұшып келген. Қалада біраз күн жатып ем алған Ниджат өзінің аздап жақсарғанын байқаған.
«Менен ем алған алматылық Ернар есімді жігіт Ниджат Рахимовқа өзінің дертіне дауа тапқанын айтып берген екен. Сол уақытта чемпион Сочидан Алматыға, Алматыдан Қызылордаға ұшып келіп, емді бастап кетті. Жалпы барлық ауыр атлеттерде уақыт өте келе омыртқаның арасына жүйке тамырлары қыстырылып сырқатқа шалдығады. Ниджат Рахимов та жамбастың құйымшаққа жабысқан жеріне және бел омыртқаның зақымдануы, жүйке тамырларының қысылуы, яғни, протрузия дертіне шалдыққан. Мен чемпионды емнің бірінші курсында-ақ сырқатынан айықтырдым. Бірақ кез келген науқасты бір емнен кейін аяққа тұрғызу мүмкін емес. Сондықтан бірнеше курс ем алып барып толық жазылуға болады. Ниджат әлі екі курс ем алады. Мен оны келесі Олимпиадаға сақадай сай етіп дайындаймын», - дейді Нартай Тұрсанов.
Үш күн бойы 5 сеанс ем алған чемпионның қалған ем-дом Алматы қаласында жалғасатын болады.
Нартай Тұрсановтың айтуынша, алғашқы емде чемпион өзінің жанына батқан дерті жазылғанын айтып, алғысын жеткізген. Ол өзінің магнит-адамның қасиетіне таң-тамаша болғаны туралы инстаграмм парақшасын да жазады.
«Кез келген адамның биоөрісі болады. Алайда кей жандардың биоөріс шамадан тыс болып, ол өзінің денесіне темір заттарды жабыстырып жатады. Сонымен қатар сол қасиеті арқылы халыққа ем жасап, оларды сырқатынан айықтырады. Бірнеше күн бұрын мен ерекше адаммен таныстым. Ол өзінің денесінде орташа есеппен 100 келіден астам темірді ұстап тұра алады. Мен бұған таңдана қарадым. Сондай-ақ бұл адам өзінің ерекше қасиетін адамдардың мүддесіне жұмсайды. Ол сырқаттың барлық түрін емдеп жаза алады. Мен таңқалдырған осы оқиғаны сіздермен бөліскем келеді», – делінген чемпионның парақшасында.
Чемпионның осы бір әсерінен кейін Нартай Тұрсановқа еліміздегі зілтеміршілердің жаттықтырушылары хабарласып, спортшыларға ем жүргізуін сұраған. Алайда қызылордалық магнит-адам олардың кейбір ұсыныстарына келіспеген.
Динара МАХАНОВА
Комментарии 1