Қызылордада нысанға техникалық шарт алу өтініші электронды нұсқада қабылданады
Қызылордада шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында «Геоақпараттық қызмет» бағдарламасы цифрлық форматта қызмет көрсете бастады, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz«Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Енді белгілі бір нысанға техникалық шарт алу үшін берілетін өтініштер электронды нұсқада қабылданады. Бизнес өкілдері үшін тағы бір тиімді жүйе биылдан бастап «Кәсіпкер онлайн» сайты іске қосылды. Мұнда аукцион арқылы сатылатын жер телімдері туралы мәліметті толыққанды білуге болады.
Сырдария ауданы, Жетікөл елдімекенінің тұрғыны Баян Бұрханова кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына келді. Түлік баптап, ет-сүтін ауылдастарына өткізіп келген көп балалы ана енді кәсібін кеңейтпек.
«Өңірлік инвестиция орталығынан 3 млн 700 мың теңге ақша алып, 32 бас сиыр мен 1 асыл тұқымды бұқа алғанмын. Сүт өнімдерін өткізудемін. Енді ауыл шаруашылығы өнімдерін сататын қаладан дүкен ашып жатыр едім. Құжатқа көп жүгіретін едік. Ауданға жүгіреміз, одан бір қағазға жұмсаса тағы бір жерге барамыз әйтеуір. 5-3 жұмыс күні деп еді, жоқ бір күнде тындырып берді. Өте қуаныштымын. Әйтпесе ауылда тұратын болғасын құжатқа көп жүгіретін едік. Электронды нұсқа деген жақсы екен», - кәсіпкер Баян Бұрханова.
Бұған дейін апталап дайындалатын құжаттың мерзімін қысқартуға «Геоақпараттық қызмет» жүйесі мүмкіндік беріп отыр. Жаңа жүйе кәсіпкерлік саласындағы әкімшілік кедергілерді азайтуға да ықпалын тигізді дейді мамандар.
«Кәсіпкерлікті дамыту жағынан осы бағдарлама арқылы тек аукцион ғана емес жерінің нысаналы мақсатын өзгерту немесе жер телімін 2-3 бөлуге болады. Қосымша жер сұрайтын болса осы онлайн аукцион арқылы бізге өтініш тастаса, жер жағынан 2-бағдарлама бар. Осы бағдарламаға келіп түседі кәсіпкер-онлайн арқылы. Сол арқылы орталықта жұмыс жасаймыз. Ол кезде кәсіпкерге де, орталық мамандарына да шығып, ХҚКО, жер қатынастары бөліміне барып өтініш тасудың қажеттілігі болмайды», - кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы Ботагөз Бектібаева.
Облыстық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының қызметіне өткен жылы 2 жарым мыңдай азамат жүгінген. Ал биыл бұл көрсеткіш 6 мыңнан асып кетті. Оның ішінде 1 жарым мыңға жуығы «Геоақпараттық қызмет» бағдарламасын пайдаланған.