"Нұр Отан" президентке кандидаттың есімін қашан жариялайды
Саяси ұйымдардың жарғысында Қазақстан президенті лауазымына кандидаттар партиялардың съезінде ұсынылатыны айтылған.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев басшылық ететін "Нұр Отан" партиясы президентке кандидатты 20-25 күннің ішінде анықтайды. Бұл туралы партия хатшысы Тамара Дүйсенова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Заң және біздің нормативтік-құқықтық актілер бойынша, кандидатураны партиялық конференцияларда ұсынамыз. Алдымен бастапқы партия ұйымдарында, кейін партияның өңірлік филиалдарында конференциялар өтеді. Біз адам саны ең көп партия екенімізді ескеріп, 20-25 күннің ішінде кандидатураны анықтаймыз деп ойлаймын", - дейді Дүйсенова.
"Нұр Отан" партиясы 1999 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша "Отан" партиясы болып құрылды. Назарбаев 2019 жылдың 19 наурызында президенттік өкілеттігін тоқтатып, саяси ұйымның төрағасы қызметінде қала беретінін мәлімдеді.
Айта кетсек, бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы ел халқына үндеу жариялап, президенттің кезектен тыс сайлауы өтетінін мәлімдеді. Мерзімінен бұрынғы сайлау осы жылдың 9 маусымында өтеді.
Президенттiкке кандидаттарды қоғамдық бiрлестiктер атынан олардың жоғары органдары ұсынады. Қоғамдық бiрлестiктер осы қоғамдық бiрлестiктiң мүшесi болып табылмайтын адамдарды кандидаттыққа ұсынуға хақылы. Қоғамдық бiрлестiк президенттiкке бiр ғана кандидат ұсына алады.
Бірқатар саясаттанушы сайлауға қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуы мүмкін деп пікір білдірді. Тоқаевтың баспасөз хатшысы шешімді саяси партиялар қабылдайтынын айтты.