Қызылорда қаласында пробациялық бақылаудан жасырынған сотталған іздестіріліп табылды
Қызылорда қалалық пробация қызметі мен Криминалды полиция бөлімінің бірлескен күші нәтижесінде іздеуде жүрген 26 жастағы пробация қызметінің есебіндегі сотталған қала аумағынан құрықталды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz қалалық пробация қызметіне сілтеме жасап.
Сотталған М.Өмірбаев заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін Қызылорда қалалық №2 сотының үкімімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 2 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған болатын. Алайда сотталған өз міндеттері мен жаза өтеу тәртібін біле тұра, жаза өтеуден жалтарып, пробация қызметінің бақылауынан жасырынған.«Нәтижесінде, пробация қызметімен сотталғанның баруы мүмкін деген орындар тексеріліп, туған-туысқандарынан сұрастырылған. Алайда нәтиже болмауына байланысты сот қаулысымен іздеу жарияланып, «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы қолданылған. Жүргізілген жан-жақты жедел іздестіру шаралары барысында сотталған қала орталығындағы автокөлік жуу орталықтарының бірінен табылып, уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды», – делінген қалалық пробация қызметі таратқан мәліметте.
Қазіргі таңда сотталғанның пробациялық бақылаудан жасырынып, жаза өтеу тәртібін қаскөйлікпен бұзғаны үшін бас бостандығынан шектеу жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру мәселесін шешу үшін Қызылорда қалалық пробация қызметі тарапынан ұсыным әзірленіп, іс-құжаттар сотқа жолдануда.