Қармақшылық тұрғын бос шөлмектен баспана тұрғызып алды
Қармақшы ауданы Тұрмағамбет ауылының тұрғыны Зәріп Мысабеков бос шөлмектектен баспана тұрғызған, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Зәріп Мысабеков шөлмектен 3 бөлмелі үй салу үшін үш ай уақытын жұмсаған. Себебі үйдің қабырғасы мықты болу үшін күн сайын тек үш қатардан ғана өру қажет болған.Ұзындығы 12, ені 8 метрді құрайтын үйдің құрылысына 40 мың дана шөлмек жұмсалған. Үйдің тек ішкі қабырғалары ғана сыланады. Ал сыртқы қабаты сол қалпында тұрады. Баспана иесі үйдің сырт келбетіне ерекше өң беру үшін түрлі бояулар қолданған. Жалпы бұл баспананың құрылысына кірпіш қолданылмаған. Тек шөлмектерді бір-біріне ұстату үшін жіп пен сым пайдаланылған.
Шыныдан тұрғызылған үйдің өзіндік ерекшелігі бар. Ол бір температураны сақтап тұра алады. Яғни, қыста жылы, жазда салқын болады.
«Бұның артықшылығы қыста жылы болады. Бір жылытып алсаң, сол температураны сақтап тұрады. Бұл құрылысты өзім тұрғыздым. Әйелім көмекшім болды», - дейді Зәріп Мысабеков.
Алпысты алқымдаған Зәріп Мысабеков шөлмектен құрылыс жүргізуге болатынын Белоруссияда әскерде жүргенде білген. Көрген-білгенін ойға түйіп, өзінің қажетіне жаратқан. Ол бұған дейін шөлмектен монша салған.
Зәріп Мысабеков монша тұрғызу үшін 7 мың шөлмек пайдаланғанын айтады. Бос шөлмектерді оған туыстары мен ауылдастары әкеліп беріп отырған көрінеді.
«Ауылдастар арасында «бұл құрылыс қалай болады екен?» деген сауалдың туындағаны рас. Бірақ монша пайдалануға беріліп, ауыл тұрғындары игілігіне көре бастағаннан кейін, олардың арасында шөлмек жинап, осындай құрылыс жүргізуге ниеттенгендер көп», - дейді ауыл тұрғыны Айдос Мұхантбетқалиев.
Зәріп Мысабеков мұнымен шектеліп қалмақ емес. Ол енді жылыжай мен дүкен салуды мақсат тұтқан. Қазіргі таңда шөлмек жинауды бастап кеткен.