Жаңақорғанның 100 тұрғыны қайтарымсыз несие алып, өз кәсібін бастады
Еліміздегі «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша Жаңақорған ауданы былтырғы жылы республикада жоғары көрсеткішке қол жеткізді, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатында қолға алынған «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында былтырғы жылы Жаңақорған ауданы республика бойынша екінші орынға жайғасты.Кәсіпкерлікті дамытуға негізделген бағдарлама бойынша өткен жылы ауданда 100 тұрғын қайтарымсыз 240 мың теңге алып, өз кәсіптерін бастаған. Қазіргі таңда кәсіпкерлер өз істерін дөңгелетуде. Соның бірі кент тұрғыны Орынкүл Нұрпейісова.
Ол өз бизнесін ашу үшін осы бағдарламаға қатысып, қаржылай қолдауға ие болды. Бұл қаражат аз да болса, жаңадан кәсіп ашқандар үшін көп көмегін тигізетіні анық.
Айта кетейік, биылғы жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша 500-ге жуық аудан тұрғынына 252 мың теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы беру көзделіп отыр. Сонымен қатар 200-ден астам 29 жасқа дейінгі жастарға 505 мың теңге қолдау көрсетілетін болады.