Қызылордада егін егу жұмыстары басталды
Қызылорда облысында биылғы жылы 178,6 мың гектарға егiс егу межеленіп отыр, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметіне сітеме жасап.
Басқарманың дерегінше негізгі дақыл күрiштің көлемі 85,8 мың гектар. Оның ішінде дәндi дақылдар 93,5 мың, майлы дақылдар 7,2 мың, мал азықтық дақылдар 60,7 мың, картоп, көкөнiс, бақша 17,2 мың гектарды құрайды.Облыс бойынша ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу, дайындалған тұқымдарды себу дәрежесіне жеткізу, минералдық тыңайтқыштар мен гербицидтер дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы құрылымдарында 28 913 гектар ескі жоңышқа, 2 175 гектар күздік бидай тырмаланып, 11 823 гектар жаңа жоңышқа, 3 753 гектар мақсары, 1896 гектар жаздық бидай және 319 гектар жаздық арпа егілді.
2019 жылдың егісіне қажетті 56,1 мың тонна минералдық тыңайтқыштардың 37,2 мың тоннасы (66,3%) алынып отыр.
Сонымен қатар, қажеттілігі 63,4 мың литрді құрайтын гербицидтердің 2,1 мың литрі (3,2%) сатып алынған.
Көктемгі дала және егін егу жұмыстарына 1684 трактор, 447 соқа, 217 тұқым сепкіш, 337 автомашина және 824 трактор тіркемесі қатысуда.