Қызылордада Елбасы туралы көрме ашылды
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы ұйымдастырған көрме 19 маусымға дейін жалғасады, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында өткен көрменің ашылу салтанатында Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев Тәуелсіз Қазақстанның құрылуы мен қалыптасуындағы Тұңғыш Президенттің рөлін атап өтті.«Тұңғыш» сөзінің мәні терең. Вашингтон, Ататүрік, Ганди сияқты тұңғыштардың қатарында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев есімінің жұлдыздай жарқырап тұруы мақтаныш сезімін ұялатады. Өз алдына ел қылсам! – деген бабалар арманына ғасырлар тоғысында біздің ұрпақ жетті. Халқымыздың талай ғасыр аңсар-арманы болған Тәуелсіздік, Егемендік, Еркіндік, Азаттық деген қасиетті сөздер елім деген Ер – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемеңгер көшбасшылығымен ақиқатқа айналды»,-деді аймақ басшысы.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов қызылордалықтарды көрменің ашылуымен құттықтады.
Естеріңізге сала кетейік, "Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам" көрмесі өз жұмысын 5 сәуірде Шиелі және Қармақшы аудандарында жылжымалы экскурсиялар өткізуден бастады. Облыс орталығында Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетінің студенттерімен кездесу өтті. Сондай-ақ, Ә. Тәжібаев атындағы облыстық кітапхана жұмысымен танысып, жастармен кездесу ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, ғылыми-практикалық конференция, семинарлар, концерт және басқа да іс-шаралар өтеді деп жоспарлануда.
Ертең, 9 сәуір күні Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында "Н.Назарбаев: Болашақ бүгіннен басталады" тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.
Айта кетейік, "Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам" жылжымалы көрме жобасы 2017 жылдың қараша айынан бастап жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде Түркістан, Атырау, Ақтөбе облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларында жылжымалы көрме жобасы ұйымдастырылған. Көрме экспонаттарының арасында сирек кездесетін мұрағаттық құжаттар, фото-бейнематериалдар, Елбасының хаттары мен марапаттары бар.