Жаңақорған ауданының тұрғынынан КҚГҚ диагнозы расталмады
30 наурыз күні Жаңақорған ауданы, Екпінді ауылында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруы бойынша алғашқы күдікті тіркеліп, науқас облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған болатын. Қазіргі уақытта науқасқа зертханалық талдау жүргізілгеннен кейін алдын ала қойылған диагноз алынды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Айна Мұхамбетова мәлімдеді, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Сондай-ақ, брифингке Қызылорда облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқаймова қатысты.
Қазіргі уақытта Жаңақорған ауданының тұрғыны облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Науқасқа емдік шаралар жүргізіледі. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша жүргізілген зертханалық талдаулар теріс нәтиже берді. Науқасқа алдын ала қойылған диагноз алынып тасталды.
«Қазіргі таңда науқастың жағдайы орташа, емін алып жатыр. Егер де науқастан ықтималдық жағдай болса, 3 рет сараптама алынады. Егер үш талдаудың екеуі теріс нәтиже берсе, онда біз КҚГҚ-ға күдіктіні алып тастаймыз. Бұл жағдайда науқаста талдаудың алғашқы екі нәтижесі теріс нәтиже берді. Қазір науқасқа ЖРВИ мен 3 дәрежелі темір тапшылығы анемиясы диагнозы қойылды. Егер үшінші талдау теріс нәтиже берсе, онда науқас 6 ай бойы бақылауға алынады»,-деді А. Мұхамбетова.
Айта кетейік, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымованың айтуынша, биылғы жылы ауа райы қолайлы болғандықтан кенелердің ерте белсенділігі тіркелді.
«2019 жылға көктемгі эпидмаусымда ауа-райының қолайлылығына байланысты кенелердің белсенділігінің артуы байқалуда. Облыс бойынша 13-ші аптада тұрғындар арасында 33 адам (2018 жылы 14 жағдай) кене шағумен медициналық көмекке жүгініп, кене шағу саны өткен жылмен салыстырғанда 2,3 есеге артып отыр. Сонымен қатар есепті мерзімде облыс бойынша 6646 кене зертханалық зерттеуге жиналып, Шиелі, Жанақорған аудандарынан серопозитивті (КҚГҚ-ның вирусы бар) кенелер анықталды. Бұл көрсеткіштер облыс бойынша эпидемиологиялық ахуалдың күрделенгендігін көрсетуде», -деп атап өтті Ә. Әбдіқаймова.
2018 жылы жүргізілген зоопаразитологиялық барлау және зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша 2019 жылға қолайсыз елді мекендер саны 127-ден 123-ке азайды. Оның ішінде КҚГҚ-нан қолайсыз 49 елді мекен сауықтырылып, жаңадан 45 елді мекен қолайсыз аймақтар қатарына есепке алынды. Облыста жыл сайын жергілікті және Республикалық эпидқордан қаражат бөлініп, кенеге қарсы дәрілеу жұмыстары жүргізіледі. 8-ші сәуірден бастап Жанақорған, Шиелі аудандарында кенеге қарсы өңдеу, залалсыздандыру жұмыстарын бастау жоспарлануда.