Елімізде мұғалімдердің атағы саудаланып жатыр
«Ғасыр ұстазы» 13 мың, «Алаш ұстазы» 10, «Ұлт ұстазы» 5 мың теңге. Әлеуметтік желіде осындай жарнамалардан көз сүрінеді. Сандарға сенсек, осынша аяулы атақты сатып алған 2 мыңға жуық ұстаз бар екен, деп жазады Евразия бірінші арнасы.
Дегенмен кез келген қазақтан Ұлт ұстазы кім деп сұрасаңыз, мүдірместен Ахмет Байтұрсынұлы дейді. Себебі бұндай атақты халық өзі берді. Ал осындай қастерлі атақты медаль етіп, тағып жүргендер кімдер? Оны сауда салғандардың ісі қаншалықты заңды?
Бүгінде елімізде медаль саудасы үйреншікті дүниеге айналғандай. Оған тіпті мән бермейтінде болдық. «Қазақстанның құрметті азаматы», «Қайраткер әйел» тағысын тағы. Бірақ бұл жолғысы көптің шамына тигені сөзсіз. Ғасыр ұстазы 13 мың, Алаш ұстазы 10 мың теңге. Мұны көрген желі қолданушылары осынша аяулы атты тиын-тебенге сатқан жекеменшік компанияны жерден алып жерге салуда.
"Олар да өздерін ақтап алатын жолдар табады. Себебі газетке мақала беруің керек, журналдарға мақала беруің керек, үздік шығармашылық конкурсына қатысуың керек. Енді ол жерде белгілі бір деңгейде әділетті шығар өздері үшін, иә мүғалім оған еңбектеніп, мақала жазатын шығар. Бірақ бір мақала мен бір ашық сабақпен ғасыр ұстазын анықтап тастайтын болса, онда көз майымызды күні-түні сарқып, кітап жазып, бала оқытып не істеп жүрміз? Мақала жазып жатайық", - қоғам белсендісі Аятжан Ахметжан.
Сандарға сенсек, тек бүгіннің өзінде еліміз бойынша 600 Алаш ұстазы, 925 ұлт ұстазы мен 425 ғасыр ұстазы бар екен. Сонда арзан атаққа кімдер құмар?
«Бірнеше жыл бойы жұмыс істеп, зейнет жасына жетіп, бірақ ештеңеге ілінбеді. Содан кейін «ай, осыны алайық» дейтін шығар кейбіреулер енді шынында да, затында. Өзі сол шенқұмарлау, атаққұмар адамдар болады», - деді қоғам белсендісі Ербол Іргебай.
Ордендер мұғалімдердің конференцияларында, түрлі әлеуметтік желідегі чаттарда ұсынылып, ашықтан-ашық саудаланады екен. Өйткені заң бойынша, мұндай марапатты сатып жүрген қоғамдық ұйымдарға жаза жоқ көрінеді.
«Алаш ұстазы», «Ғасыр ұстазы» деген наградаларға тыйым салынбаған. Сондықтан да түрлі қоғамдық ұйымдар, белгілі бір одақтар, ассоциациялардың осындай наградалар тағайындауға мүмкіндік бар», деді заңгер Ахметжан Бейсенбеков.
Ал 20 жылдан астам ұстаздық етіп келе жатқан Дәмеш Өмірбекқызы мұғалімдерді мемлекет бағаламағаннан кейін, кәсіпкерлер медаль сатуды бизнеске айналдырған деген пікірде.
«Біздің қазақта бата бар «Атқан таңның арайына бөлен де, еңбегіңмен елен» дейді. Еңбегімен еленіп отырса, ол ондай шараға бармас еді, ондай жолға түспес еді. Бірақ ол түбінде дұрыс емес. Ол енді ұстаздың қиын жағдайын осал жағын біліп, бизнесмендердің істеп отырған жағдайы», - деді ұстаз Дәмеш Өмірбекқызы.
Ал, Білім және ғылым министірі Күләш Шәмшидинова мұғалімдердің ерең еңбегі үшін мемлекет тарапынан берілетін 2 ғана награда бар дейді.
«Министрлік тарапынан берілетін наградаларды білесіздер, ол «білім беру ісінің үздігі» және «Алтынсарин төсбелгісі». Басқа ешқандай атақтарға біздің қатысымыз жоқ», - ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшединова.
Ал педогог Саят Ибраев қоғамдық ұйымдар тұрмақ, мемлекеттің өзі мұғалімдерге беретін наградалар құнын әлдеқашан жоғалтқанын айтады. Тіпті еш пайдасы жоқ темір-терсекке айналған деп ашынып отыр.
«Мұғалімдердің арасындағы алынып жатқан мемлекеттік медальдардың құны жоқ. Оған ақша төленбейді. Мысалы педагог Ыбырай Алтынсарин атындағы медаль алды ма, оған сізге жалақыңызға ештеңе қосылмайды», - деді педагог Саят Ибраев.
Орнымен берген атақ та, сыйлық та адамның мерейін өсірері хақ. Бірақ біз тілдескен жандардың барлығы оның өз өлшемі болу керек деген пікірде. Сондықтан бұл мәселе заң аясында реттелуі керек. Әйтпесе, елімізде атақсыз адам қалмайтын секілді.