Әлем назарындағы Арал
Осыдан 26 жыл бұрын 26 наурызда ҚР-ның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен Орталық Азия елдерінің президенттерімен Ташкент қаласында қабылдаған шешімі бойынша Арал теңізі мәселелері жөніндегі І конференцияда келісім жасалды.
Ол «Арал теңізі және Арал аймағы мәселелерін, экологиялық сауықтыруды, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуді бірлесіп шешетін ортақ шаралар туралы Келісім» деп аталған болатын. Келісімге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев және сол кездегі Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан Президенттері мен Тәжікстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Э.Ш.Рахмонов қол қойған болатын.
Келісімнің арнайы баптарында Арал теңізі айдынындағы экологиялық дағдарысқа байланысты негізгі мәселелер нақтылы қаралды. Апаттың алдын алуға, қоршаған ортаны сауықтыруға және Арал аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін, денсаулық сақтау, тұрмыстық қажеттіліктерді өтейтін істерге тікелей назар аударылды. Келісімді орындаудың алғашқы шарты есебінде Халықаралық Аралды құтқару қоры, Арал теңізі мәселелері жөніндегі мемлекетаралық кеңес құрылып, олардың ұйымдық мәселелері шешілді. БҰҰ-ның Бас хатшысына Орталық Азия мемлекет басшыларының атынан Үндеу хат жолданды. Онда Аралды сақтап қалуға, Арал аймағының келелі мәселелерін шешуге арналған шараларға дүниежүзілік қауымдастықтың назары аударылды.
Арал теңізін сақтау жөніндегі халықаралық шаралар, Арал апатынан зардап шеккен елдер басшыларының іс-қимылдарына көмектесуге бағытталған алғашқы халықаралық келісім 1990 жылдың 24–26 қаңтарында БҰҰ-ның қоршаған орта бағдарламасының (ЮНЕП) ұсынысымен жасалды. Бұл халықаралық құжат «Арал теңізін сақтауға арналған нақтылы іске дайындыққа қатысу» деп аталды. 1990 жылғы 11-12 қарашада хаттамаға қол қойылып, келісім заңды түрде бекітілді. Келісім бойынша дүниежүзілік дәрежедегі ғалымдар мен мамандардың қатысуымен «Диагностикалық құжат» жасалды. Бұл үлкен ғылыми-тәжірибелік зерттеу Арал апаты кеселінің бетін ашып берді, нақтылы іске бағдарлама жасауға себін тигізді. Содан бері Аралдың экологиялық әрі әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар үздіксіз жүргізіліп келеді.
Биылғы жылы Арал теңізі күні Алматы қаласынан бастау алды. Арал теңізі күніне орай Халықаралық Аралды құтқару қорының ұйымдастыруымен шағын футболдан жасөспірім футболшылар арасында Арал теңізі кубогі ұйымдастырылды. Аталған турнирге Арал өңірінің жас футболшылары да қатысып, лайықты өнер көрсетті. Сонымен қатар Арал теңізі күніне арналған іс-шаралар Қызылорда қаласында да өз жалғасын тапты. 25 наурыз күні Қызылорда қаласының орталық мешітінің ауласына тал көшеттері отырғызылды. 26 наурыз күні Асқар Тоқмағамбетов атындағы театрда аталмыш іс-шараға байланысты мерекелік концерт және Арал теңізі жайында деректі фильм көрсетілді. 27 наурыз күні облыстық өлкетану музейінде дөңгелек үстел өткізілді. Қамыстыбас көлінің жанындағы ғылыми-туристік орталықта Арал қаласының әкімдігі, «Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы», Арал ауданының орман шаруашылығы мекемесі, Қосжар ауылының тұргындары тал көшеттерін отырғызды.
Арал қаласында «Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының» ғимаратында да Арал теңізінің күніне және республикалық «Парктер шеруі – 2019» табиғат қорғау акциясының ашылу салтанатына орай дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелге «Арал әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Б.Жүгінісова, «Барсакелмес МТҚ» жанынан құрылған қоғамдық кеңестің төрайымы Х.Әбілғазиева және аудан жастары мен қорық қызметкерлері қатысты. Кездесу барысында теңіздің тарихы, бұрынғы және қазіргі жай-күйі айтылып, құнды ақпараттар берілді.
Хамит ҚАНИЕВ,
«Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының»
ғылым бөлімінің басшысы