Ауа райы: Қазақстанның басым бөлігінде жауын жауады
Бүгін Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазгидромет» РМК-ның мәліметтеріне сүйене отырып.
«Қазгидромет» мәліметтеріне қарағанда, атмосфералық ағымдардың өтуіне байланысты 5 сәуір күні Қазақстанның басым бөлігінде жауын жауады. Солтүстік-шығыста және еліміздің оңтүстігінің кей жерлерінде жаңбыр мол мөлшерде жауады.
Тек оңтүстік-батыста ғана күн жауын-шашынсыз болады. Республиканың кей жерлерінде тұман түсіп, жел күшейеді.
Оңтүстікте және оңтүстік-шығыста найзағай ойнап, бұршақ жаууы мүмкін. Солтүстікте әлі де көктайғақ болуы ықтимал.
Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарының кей жерлерінде тұман түсіп, көктайғақ болады. Желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді.
Қызылорда, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстарында, түнде Атырау облысының кей жерлерінде тұман түсуі ықтимал.
Қостанай, Қарағанды облыстарының кей жерлерінде жел 15-20 м/с-қа дейін жетеді.
Түркістан, Жамбыл облыстарының кей жерлерінде найзағай ойнап, тұман түседі. Күндіз бұршақ жаууы мүмкін. Түркістан облысының бірқатар бөлігінде күндіз жел 15-20 м/с жылдамдықпен ұйтқиды.
Алматы облысының кей жерлерінде күндіз жел 15-20 м/с жылдамдықпен соғады.
Шығыс Қазақстан облысының бірқатар аумақтарында желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді. Күндіз кей жерлерде найзағай ойнайды.