«Байқоңырдан» ұшырылған жүк кемесі ХҒС-қа рекордты уақытта жетті
Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған «Прогресс МС-11» жүк тасымалдау кемесі 3 сағат 21 минуттан кейін Халықаралық ғарыш станциясымен (ХҒС) түйісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ресейғарыш» мемлекеттік корпорациясының мәліметінше, «Прогресс МС-11» ХҒС-қа жасалған ұшырылымдар тарихындағы ең жылдам ғарыш кемесі болып отыр. Бұл, басқарылатын космонавтика үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Бұған дейінгі рекорд «Прогресс МС-09» кемесіне тиесілі. Оның ХҒС-пен түйісу уақыты - 3 сағат 40 минут. «Прогресс МС-11» тасымалдау кемесі ХҒС-қа 2,5 тоннадан астам әртүрлі жүкті жеткізді: 1,4 тоннадан артық құрғақ жүктер, 900 келі отын, 420 келі су, 47 келі баллондағы ауа мен оттегі. Сондай-ақ олардың арасында ғылыми құралдар-жабдықтар, экипаж мүшелеріне арналған азық-түлік контейнерлері, киім-кешектер, медициналық препараттар және гигиеналық заттар бар.