Қызылордада жалған санитарлық кітапша жасау дерегі анықталды
Қызылорда облысында жалған мөр қойылған санитарлық кітапшаны әзірлеу дерегі анықталды.
Бұл бойынша жинақталған құжаттар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментіне жолданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мониторинг нәтижесімен жобалық топ мүшелері шынайылығы күмән тудыратын 50-ден астам №086 үлгісіндегі анықтамалар алынды. Аталған құжаттар бойынша, процессуалдық шешім қабылдау үшін олар полиция органдарына жолданды», - деді «Ақмешіт - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Жандос Тұсмағамбетов.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Бағдат Ізкенов бұл бағытта атқарылатын жұмыстар жалғаса беретінін жеткізді.
«Облыста «Ақмешіт - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылып, тұрмыстық жемқорлықты жою мен оның алдын алу бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізіп келеді. Жоба аясында азаматтардың күнделікті тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты болатын денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қамту, сәулет, құрылыс, коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, салық және құқық қорғау органдарында жоба бойынша жұмыстар жүргізілді», - деді Бағдат Ізкенов.