Науқастарға сапасыз қызмет көрсеткені үшін медициналық мекемелерге айыппұл салынды
Жыл басынан бері Қызылорда облысы бойынша медициналық мекемелерге науқастарға сапасыз қызмет көрсеткені үшін 34 млн. теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz Әлеуметтік сақтандыру қоры филиалына сілтеме жасап.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Руслан Бектібаевтың айтуынша, ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында облыстың тәулік бойы стационарлық медициналық көмек көрсететін 74 медициналық ұйымымен (оның 44 – жеке) 99 медициналық қызмет сатып алу келісімшарты жасалды. Жыл басынан бері тәулік бойы стационар бойынша жалпы сомасы 34 млн.теңгені құрайтын 885 ақау расталды.
Жалпы мониторинг барысында қор сарапшылары 1980 түрлі кемшіліктерді анықтады. Медициналық қызметтерді жеткізушілердің көпшілігінде емдеу-диагностикалық іс-шаралардың стандарттардан негізсіз ауытқуы, науқасты емдеуге арналған ақшалай шығындарды асыра бағалау оқиғалары кездеседі. Сондай-ақ, науқастардың деректерін енгізудің дұрыс еместігі, медициналық көрсетілімдерсіз ауруханаға жатқызылуы туралы деректер бар. Бұдан басқа, «Денсаулық сақтау субъектілерінің қызметтеріне ақы төлеу ережесі» нормативтері бойынша басқа да сәйкессіздіктер анықталды.
Бұдан әрі Қор қызметкерлері медициналық көмекке ақы төлеу тәртібіне сәйкес шығындар мен шығыстар бойынша денсаулық сақтау ұйымдарының қызметін қатаң қадағалайтын болады дейді мамандар.
«Ең бастысы, біз үнемі бақылау арқылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін (ТМККК) қамтамасыз ететін медициналық ұйымдарды қадағалай аламыз. Өйткені, Қор бірінші кезекте біздің азаматтарымыздың құқықтарын, ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген уақыттан бастап сақтандырылған азаматтардың құқықтарын да қорғай алады», - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Руслан Бектібаев.
2018 жылдан бастап "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" ТМККК пакетінің қаржы операторы болып табылады және Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген шекте халыққа медициналық қызметтерді сатып алады.