Жүйелі жұмыс пен жауапкершілік қажет
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтіп, онда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу шаралары қаралды.
Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ұлболсын Ақанаева хабарлағандай, биыл тұрғындар арасында 33 адам кене шағып, медициналық көмекке жүгінген. Жаңақорған ауданындағы Екпінді ауылынан 1 күдікті науқас анықталып, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Ауру ошағынан 89 кене, оның 87-і малдан, 2-і мал қорадан, жиналып, зертханалық зерттеуге алынды. Есепті мерзімде облыс бойынша 6646 кене зертханалық зерт-теуге жиналып, 684 сынама зерттелді. Оның алтауынан серопозитивті кенелер анықталған. Сонымен қатар, жекелеген тұрғындардан да кенелердің көптігі жайлы шағымдар түсуде. Ауа райының қолайсыздығына байланысты кенелердің белсенділігі байқалуда.
Дегенмен, зоопаразитологиялық барлау бойынша аймақтағы қолайсыз елді мекендер 127-ден 123-ке кеміп отыр. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алуда тиімді, үйлескен түрде іс-шаралар жүргізу мақсатында облыс әкімі «Қызылорда облысы аумағында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы әрекет ету алгоритмін» бекітіп, тиісті міндеттер нақтыланды.
Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асылбек Шәменов 2019 жылға КҚГҚ алдын алу шаралары үшін көктемгі-күзгі жұмыстарға 214,5 млн теңге бөлінгенін жеткізді. Ол табиғи ошақтарда кенеге қарсы өңдеу жұмыстары мердігерлер толық анықталып біткеннен кейін 8 сәуірде басталатынын айтты. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мәлімдегеніндей, емдеу мекемелерінде қажетті дәрі-дәрмектердің қоры сақталуда.
Облыс әкімі эпидемиологиялық жағдай күрделі сипат алып кетпеуі үшін аудан әкімдері, сала басшылары жоспарланған іс-шаралардың орындалуына қатаң бақылау жасап, өте жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Кент, ауылдық округтер әкімдері өз аумақтарындағы қоражайлардың, мал қораларының таза-лығына өте мұқият қарауы тиіс. Елді мекендерде уақ малдарды тоғытуға қажетті жағдайлар жасалуы қажет. Жұмыстардың бәрі өз деңгейінде атқарылатын болса, залалсыздандыруға бөлінген қаржы тиімді жұмсалатын болады.