Шиелі ауданында жастар саясаты мәселелері бойынша кеңес өтті
Кеңес отырысында жастарды қолдау мәселелері қарастырылды. Шараға Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері, жауапты ұйымдар мен мекемелердің басшылары қатысты, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар, облыс әкімі 10 жас маманға шаруа қожалықтарына жұмысқа орналасуға жолдама, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан немесе арнайы есепте тұратын жастарға "Жақаевшылар" еңбек лагеріне 10 жолдама табыстады.Көшпелі отырыс Ыбырай Жақаев атындағы ауылда ұйымдастырылып, онда Жастар жылы аясында кешенді іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру, жастар мен жасөспірімдер қылмысының алдын алу, Шиелі және Жаңақорған аудандарында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев көшпелі отырыс тұрақты түрде өткізілетінін атап өтті.
"Мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру, басым бағыттары мен міндеттерін іске асыру, жастар арасында қалыптасқан өзекті мәселелердің шешу жолдарын қарастыруда Кеңестің орны ерекше. Сондықтан, өткен жылдың соңында өткізілген Кеңес отырысында биылғы Елбасы жариялаған Жастар жылына орай облыс әкімдігі жанындағы кеңес отырыстарын көшпелі негізде тоқсанына бір рет, аудан әкімдіктері айына бір рет өткізуді тапсырған болатынмын. Алдағы уақытта облыстық кеңес отырыстары Сырдария (маусым), Арал (тамыз) аудандарында және қорытынды отырыс Қызылорда (қараша) қаласында өткізілетін болады", – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі бүгінгі таңда мемлекет тарапынан жастарды қолдауға арналған бағдарламалардың барлығы олардың тұрмыс жағдайын түзеуге бағытталғанын атап өтті. Әлеуметтік маңызы бар «Болашақ» халықаралық бағдарламасы, «Дипломмен — ауылға!», «Жастар кадрлық резерві», «Жасыл ел», «Жұмыспен қамту – 2020», «Жас кәсіпкер», «Жас маман» бағдарламалары жастарға арналған.
" Бүгінгі Кеңестің көшпелі отырысын әлемге қазақтың еңбекте де орасан зор табысқа жете алатын жұрт екенін дәлелдеген даңғайыр диқан, Дала академигі Ыбырай Жақаев ауылында өткізуіміздің де өзіндік мақсаты бар. Туған жер төсіне қайың кетпенімен ерлікке тән еңбек дастанын жазып қалдырған, ақ күріштің атасы, әлемдік рекордтың иесі Ыбырай Жақаев жетістігін, егемен еліміздің тарихи тұлғаларының өмір жолын, еңбек адамын кейінгі ұрпаққа насихаттау, жастарымызды еңбекке баулу – біздің басты мақсатымыз", - деді аймақ басшысы.
Өңір басшысы атап өткендей, "біздің кейбір жастарымыз әлі «үйден кіріп, үйден шықса, жеңіл жұмыс болса, дайын кресло, басшылық қызмет болса, тіпті жақсы» деген түсініктерден арылар емес.
Отырыста жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі де талқыланды.
"Қылмыстың алдын алу, баланың бұрыс жолға түспеуі, ата-ананың, мектеп пен құқық қорғау органдарының бірлескен іс-қимылына байланысты екенін қатаң есте ұстау керек. Жастар мен жасөспірімдердің бос уақыттары тиімді ұйымдастырылса, ондай жат әрекеттерге бой ұрмас еді.", - деді аймақ басшысы.
Өз кезегінде, облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов "2021 жылға дейінгі Қызылорда облысының мемлекеттік жастар саясатын дамытудың Жол картасы" және "NEET санатындағы жастармен жұмыс жөніндегі іс-шаралар жоспары" аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
"Жастар жылының" аясында аймақта бірқатар іс - шаралар ұйымдастырылады. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жастардың қолөнер бұйымдарын сату және көрмесін өткізуге арналған орталықтар ашу; "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту" бағдарламасы бойынша өз ісін ашуға мемлекеттік гранттар бөлу; 3 волонтерлік топ ашу жоспарда бар", - деп хабарлады жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы.
Сондай-ақ, отырыста облыстық мекемелер мен аудан басшылары баяндама жасады.
Қорыта келе, аймақ басшысы жастарға қолдау көрсету бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
"Бұған дейін де жастармен ұйымдастырылатын шаралардың тек флэшмобтар мен мағынасыз дүниелер шеруіне айналдырмауды естеріңізге салып келемін. Жастар бүгінгі таңда материалдық құндылықтарға көбірек мән беретін болды. Ең бастысы, жастардың назарын рухани құндылықтарға, жаңашылдыққа, тың өзгерістер енгізуге, елдің әлеуетін арттыруға үлес қостыртуға аударуымыз керек", - деп түйіндеді облыс әкімі.