Қызылордада заңсыз сақталған атыс қаруын сатып алу акциясы басталады
Қызылордада заңсыз сақтаудағы атыс қаруы, оқ-дәрілері мен жарылғыш заттар сатып алу бойынша акция өткізіледі, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Акция ағымдағы жылдың 10 сәуірінен бастау алады.Акцияны өткізудегі басты мақсат – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атыс қаруы мен жарылғыш заттарды қолдана отырып жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу. Сонымен қатар азаматтарда заңсыз сақталған қару-жарақтар мен оқ-дәрілерді өтемді түрде қабылдау болып табылады.
Қазіргі таңда барлық қалалық және аудандық полиция бөлімдерінде азаматтар тапсырған атыс қаруының, жарылғыш заттардың, оқ дәрінің техникалық жай-күйі мен оларды тапсырғаны үшін сыйақы белгілеу жөніндегі комиссия құрылды.
Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктерден босатылады. Ол азаматтарға тапсырған қаруының, жарылғыш заттардың, оқ-дәрінің түріне және техникалық жай-күйіне байланысты айлық есептік көрсеткіштің 10-нан 100-ге дейінгі мөлшерінде сыйақы тағайындалады. Айта кетейік, биылғы жылы бір айлық есептік көрсеткіш 2 525 теңгені құрайды.
«Өткен жылы азаматтардан барлығы заңсыз сақталған 310 қару өтемді түрде қабылданса, олардың 291 тегіс ұңғылы аңшы мылтығы, 18 иір ойықты аңшы қарулар. Облыс көлемінде 2018 жылы тұрғындар арасында қару жарақ өткізген 178 азаматтарға барлығы 15 000 000 теңге төленген. Биылғы акцияға республикалық бюджеттен 15 000 000 теңге қарастырылған» делінген облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында.