Қызылордадан 900-ге жуық азамат әскер қатарына аттанбақшы
2019 жылдың көктемінде Қызылорда облысынан 900-ге жуық азамат әскер қатарына аттанбақшы. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, полковник Еркінбек Байболов мәлімдеді.
«Көктемгі әскерге шақыру науқанын сапалы, әрі уақытылы орындау мақсатында комиссия әр шақырылушыны жеке-жеке қарастырып, алған білімін, мамандығын ескереді, отбасы жағдайын сараптайды, денсаулығының жарамдылығын басты назарға ала отырып, оны әскер қатарына қабылдау-қабылдамау туралы шешім қабылдайды. Жасақтау экстерриториалды принципке сәйкес жүзеге асырылады, яғни шақырылушы еліміздің басқа облыстарына аттандырылады»,- деді Еркінбек Серғалиұлы.
Бүгінде Қызылорда облысынан шақырылған азаматтар еліміздің Шекара қызметінің әскери бөлімдеріне 98 азамат әскери борышын өтеуге жөнелтілді. Мерзімді әскери қызметке шақыру маусым айының соңына дейін жүргізіледі.