Элизабет Тұрсынбаеваның неліктен Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетуді таңдағаны белгілі болды
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаеваның анасы Падишахан Сұлтаналиева Алматыда Илья Авербухқа арналған баспасөз мәслихатында Мәскеуде туып-өскен қызы неліктен Қазақстан атынан өнер көрсеткенін айтты, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz Tengrinews сайтына сілтеме жасап.
"Бұл - менің және жолдасымның шешімі. Көбі оның бәсекелестіктен қашып кеткенін айтып жатыр. Ондай ештеңесі де жоқ, Элизабет Ресей құрамасында да өнер көрсетті. Бірақ біз Қазақстан атынан шығып Қазақстанды дамытқымыз келді", - деп келтіреді анасының сөзін "Чемпионат" басылымы.
"Әкем қазақ, жайдан жай Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетіп жатқаным жоқ. Мен қазақпын, соны мақтан тұтамын. Халықаралық аренада біздің әнұранымызды естіп, туымыздың көтерілгенін көргім келеді. Осындай сәттер үшін күнделікті дайындалуға болады", - дейді Элизабет Тұрсынбаева.
Еске салайық, таяуда спортшы қыз Жапонияда өткен мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алған еді. Тұрсынбаеваның жалпы ұпайы 224.76 болды.