Назарбаев зияткерлік мектебі Наурыз мерекесін тойлады
НАУРЫЗ ТАРТУ
Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін тойлады, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Оқушылар мен қызметкерлер концерттік бағдарламаның соңғы дайындық жұмыстарын пысықтап жатса, ата-аналар қауымы қазақ халқының ұлттық тағамы бауырсақ пісіруде белсенділік танытты.
Аналар қазанға май қыздырып, қамыр жаюдан шеберліктерін көрсетсе, әкелер қазан-ошақ жайын қамдады.
Жанару мерекесі аясында ұйымдастырылған "Бауырсақ party" шарасында 200 келідей бауырсақ пісіріліп, ыстықтай үйлестірілді.
Барлығы 1000-ға жуық оқушылар, мұғалімдер мен мектептің қызметкерлері «ас атасынан» дәм татып, ата- аналардың мерекелік тартуына ризашылығын білдірді.
НАУРЫЗ ОЙЫНДАРЫ
Жаңа жылдың бастауын бейнелейтін Наурыз мейрамында мектептің
«Шаңырақ» қауымдастықтары арасында «Ұлы даланың ұлы Наурызы» атты ұлттық ойындар сайысы өткізілді.
Оқушылар қол күресі, гір тасын көтеру, бес асық, арқан тарту және қазақша күрес секілді спорт түрлері бойынша өзара бақ сынасты. Қазақы нақыштағы киімдермен мерекенің шырайын келтірген ойыншылар жарыстан ұлттық ойындардың шығу тариxы туралы ақпарат алып, салауатты өмір салтын насихаттады.
«Шаңырақтың» 17 оқушысы қатысқан спорттық шарада жеңімпаз командалар анықталып, үздіктері арнайы дипломдармен марапатталды.
НАУРЫЗ ШАПАҒАТЫ
Дәстүр бойынша Ұлыстың ұлы күнін Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебі сән салтанатымен атап өтуде.
Арнайы ұйымдастырылған мерекелік қойылымда оқушылар мен ата-аналар өз өнерлерін ортаға салып, мектеп атты ауылға жан бітірді. Ай мен күн теңеліп, мерекенің басты қонағы Қыдыр ата жиналғандарға бірлік, татулық, еңбек пен көктем нұрын септі. Көңілді тазша бала әз Наурызды қарсы алып, Ұлы жібек жолымен өткен сауда керуенінде қазақ дәстүрлерін жаңғыртты. Ал, мектептің оқушы қыздары мен ата-аналардан құралған сұлулары мерекелік әндер шырқаса, қазақ даласының сал-серілері мерекелік жарапазан айтып, жырдан шашу шашты.
Шара барысында мектеп директоры алғы сөз алып, баршаны Наурыз меркесімен құттықтады. «Өткен жыл мектеп үшін табысты болды. Жаңа жыл жақсы жаңалықтарға толы болсын. Әрбір шаңыраққа бақ-береке, ырыс-дәулет пен молшылық тілеймін», - деді Бахыт Жұматай.
НАУРЫЗ ДӘМІ
Жыл сайын қазақ тарихына шолу жасап, ата-бабамыздың озық дәстүрін қайта жанғырту мақсатында Назарбаев Зияткерлік мектебі Ұлыстың ұлы күнін ерекше үлгіде тойлайды. Бұл жолы мектеп қауымдастығы ұлттық тағамдар қойылған мерекелік дастархан жайып, көпшілікке «Наурыз дәмін» тарту етті. Шаңырақ қауымдастықтары ата-аналарымен дастархан басында жиналып, мерекені атап өтті. Қонаққа келген ата-әжелер бата беріп, Ұлыстың оңдығы мен ақтың молдығын тіледі.