Ұрылар Дмитрий Баландиннің көлігін де айнасыз қалдырды (фото)
Алматыда Құрманғазы, Абылайхан және Бәйсейітова көшелерінің маңында олимпиада чемпионы Дмитрий Баландиннің көлігінің айналары ұрланды деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Спортшы достарымен кафеде болған. Сыртқа шыққан кезде Олимпиададан кейін сыйға тартылған Toyota Land Cruiser көлігінің айнасы жоқ екенін көрген Дмитрий полицияға хабарласқан."Бір айнаның құны 400 мың теңгеге жуық. Біз Денис Тенді өлтірген жерге жақын маңда отырдық. Адамдар айна ұрлағандарын қоймаған, бұл ашу тудырады. Халық өзгермейді екен", - деп мәлімдеді Дмитрий.
Еске сала кетейік, 2018 жылдың 19 шілдесінде Олимпиаданың қола жүлдегері Денис Тен күндіз Құрманғазы-Бәйсейітова көшелерінің қиылысында орналасқан кафеге түстенуге кірген.
Мекемеден шыққан кезде мәнерлеп сырғанаушы көлігінің айнасын шешіп жатқандарды көріп, соңдарынан қуған. Бұл төбелеске ұласып, спортшы аяғынан пышақ жарақатын алып, ауруханада көз жұмған болатын.
Күдіктілер қамауға алынып, сот шешімі бойынша екі адам адам өлтіргендері үшін 18 жылға, бір адам қылмысты жасырғаны үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ әнші Рано Омарованың көлігінің айнасы да осы көшелерде ұрланған еді.