Атаулы әлеуметтік көмектің онлайн-калькуляторы іске қосылды
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмек көлемін есептеу үшін онлайн-калькуляторды іске қосты. Оның көмегімен қазақстандықтар жәрдемақының алдын ала есебін дербес жүргізе алады. Онлайн-калькулятор ведомствоның www.enbek.gov.kz ресми сайтында орналастырылған, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Сонымен, АӘК мөлшерін есептеу үшін тұрғылықты өңірін, отбасы мүшелерінің санын, жиынтық табысын: еңбекақыны, алиментті, жеке қосалқы шаруашылықтан, кәсіпкерлік қызметтен, жылжымайтын мүлік пен көлік құралдарын жалға беру мен сатудан түскен табыстарды, кредиттен (микрокредиттен) түскен табыстарды, сондай-ақ басқа да табыс түрлерін көрсету қажет.
Сонымен бірге, АӘК мөлшерін есептеу кезінде 18 жасқа дейінгі балалардың, сондай-ақ жоғары және кәсіптік оқу орындарында күндізгі нысанда оқитын 23 жасқа дейінгі студенттердің саны енгізіледі.
Атаулы әлеуметтік көмек - аз қамтылған және табысы төмен азаматтар мен отбасыларға, соның ішінде көп балалы отбасыларға берілетін ақшалай төлем.
Естеріңізге сала кетейік, Елбасының тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап АӘК көрсету мөлшері күнкөріс деңгейінің 50% - нан 70% - ға дейін көтеріліп, 20 789 теңгені құрады. Нәтижесінде жәрдемақы алушылар саны 571,6 мың адамнан 830 мың адамға дейін өседі. Бұл ретте, бұрын АӘК-тің орташа мөлшері отбасының әрбір мүшесіне 4 834 теңгені құраған болса, келесі айдан бастап, әр балаға 20 789 теңге болады.
Бұдан басқа, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мәселелері бойынша кеңестерді бірыңғай байланыс-орталығының "111" нөмірі арқылы алуға болады.
Комментарии 1