Қызылордадағы тікұшақ апаты: Өмірхан Қауқаев отбасымен қимай қоштасып кеткен
Тікұшақ апатынан қаза тапқан әскерилердің туыстары жерлеу рәсіміне әзірленіп жатыр. Қаралы отбасыларға ел-жұрт болып қайғырып, әлі де көңіл айтуда. Дегенмен, табыт келмей, ешбірінің қаралы хабарға сенгісі жоқ, деп хабарлайды ktk.kz.
Тікұшақ апатынан қаза тапқан майор Сабыр Тоқабаевтың артында жеті баласымен жесірі қалды. Әуе күштері саласында ұзақ жыл еңбек еткен ол бірер жылда зейнеткерлікке шығуы керек еді. Өзі отбасымен Шымкент қаласында тұрған ол, бұл жолы Ақтауға іссапармен барған. Марқұмның тұңғышы 17-ге жетсе, кенжесі бір жасқа да толмапты.
Тікұшақ апатынан қаза тапқан майор Сабыр Тоқабаевтың артында жеті баласымен жесірі қалды. Әуе күштері саласында ұзақ жыл еңбек еткен ол бірер жылда зейнеткерлікке шығуы керек еді. Өзі отбасымен Шымкент қаласында тұрған ол, бұл жолы Ақтауға іссапармен барған. Марқұмның тұңғышы 17-ге жетсе, кенжесі бір жасқа да толмапты.
«Соңғы рет 24 наурыз күні телефонмен сөйлестім. Жолығайық деген еді. Содан жұмысына кетіп қалды. Үш күннен бері күтіп отырмыз. Не істерімізді білмей отырмыз. Достары көп еді. Бүкіл әулетін бауырларын жақсы сыйлайтын. Ақкөңіл, адал жігіт еді, өмірге бір-ақ келетін жігіт еді», - дейді марқұмның туысы Садық Борсабаев.
Ефрейтор Өмірхан Қауқаевты Ақтөбе облысының Мәртөк ауылына жерлейді. Жесір қалған жүкті келіншегі оның әскери жаттығуға барғысы келмегенін айтады. Тіпті басшыларына өтініш те айтқан.«Формасын киіп, терезесінің алдында қарап тұрды. Бастықтарға аяғым тартып тұрған жоқ, жаттығуға бармай-ақ қояйын деп еді. Ұлымды сағынамын, бір айға кетіп бара жатырмын, қимаймын деген. Төрттің уақытында баласы да тұрды. Екеуміз шығарып салдық», - деді Ө.Қауқаевтың жесірі Фариза Назарбаева.
Ефрейторды соңғы жаттығуына шығарып салған бөбегі екі жасқа әлі толмаған. 28 жастағы Өмірхан жақында ғана Ақтаудағы әскери бөліммен келісім-шартын ұзартыпты. Өзі сол жерде пәтер жалдап тұрған. Жоқтау айтқан марқұмның анасының жауап іздеген сұрағы да көп.«Тікұшаққа мінгенде қауіпсіздігі неге сақталмайды? Неге парашют берілмейді қолдарына? Бір жағдай болғанда неге сақтап қала алмайды? Неге біздің жас боздақтарымыз ерте кетеді өмірден? Неге боздап артында ұл-қызы қалады?» - деді Өмірханның анасы Қарлығаш Юсупова.
Тікұшақ апатынан қаза тапқан әскерилердің туыстары марқұмдардың сүйегін күтіп отыр. Ақтөбенің өзіне екі табыт жеткізілуі керек. Майор Данияр Қоңырбайды туған жері Мұғалжар ауданына, ефрейтор Өмірхан Қауқаевты Мәртөк ауданына жерлейді. Қазір қаралы отбасылар Қызылордамен жергілікті қорғаныс істері жөніндегі бөлімдер арқылы байланыс жасап отыр.