Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы халық алдында есеп берді
Халықпен өзара іс-қимыл жасасуды және полиция қызметінде ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Қайрат Мұхитов тұрғындармен есептік кездесу өткізді, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Есептік кездесу басталмас бұрын Департамент бастығы Қызылорда облысы аумағында қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сонымен қатар қылмыстардың алдын алу, жолын кесу, олардың ізін суытпай ашуға үлес қосқан азаматтарды және полиция әулеттерін тәрбиелеген ардагер ақсақалдарды алғыс хатпен марапаттады. Атап айтар болсақ, бір үйдің 3 баласын өрттен құтқарған Қазалы ауданы Өркендеу ауылының тұрғыны Мейрамбек Алимаев марапатталса, Арал аудандық полиция бөлімінің ардагері, полицейлер әулетінің үлкені Нұрлан Дошниязов ағаға алғыс айтылды.
Халыққа есеп беру жиынына үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, Ардагерлер Кеңесі, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, облыс және қала тұрғындары қатысты.
Есепті кездесуді департамент бастығы Қайрат Мұхитов ашып, қылмыстық ахуал мен және қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Онда облыс көлемінде қабылданған шаралар нәтижесінде қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға төмендеп, қылмыстық ахуалдың тұрақты екендігі сөз етілді.
«Қауіпсіз аула» тәжірибесі негізінде көп қабатты үйлердің аулаларына, подъездеріне бейнекамералар, кодты құлыптар мен домофондар орнату туралы ұсыныс беріліп, тұрғындардың өз қаражаты есебінен бірқатар көп қабатты үйлер жөндеуден өтті.
Мысалы, қаладағы Панфилов көшесі №23 үй мен Бектұрғанов көшесі №15 үйдің ауласына бейнебақылау камералары, подъездерге домофондар, кодты құлыптар орнатылып, нәтижесінде осы аулаларда жасалған қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың саны 10,4 пайызға азайды.
Сандық технологияларды дамыту аясында полиция қызметіне «Электрондық қылмыстық іс жүйесі» жобасы енгізіліп, қазіргі уақытта қылмыстық істер электрондық форматта тергелуде. Есепті мерзімде электронды форматта 500-ден аса қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру жүргізілді.
«Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі» (ЕРАП) жобасы аясында 146 дана планшет алынып, қолданысқа енгізілді.
Қазақстан полициясын жаңғырту аясында полиция қызметін оңтайландыру жөнінде Жол картасы қабылданып, оны жүзеге асыру 2019 жылдың бірінші қаңтарынан бастау алды. Қазіргі уақытта, осы Жол карта негізінде департаменттің және оған қарасты барлық құрылымдардың жеке құрамының 10 пайызы қысқартылды. Департамент бастығы осы қысқартылған лауазымдар есебінен одан үнемделген қаржы осы жылдың шілде айынан бастап полиция қызметкерлерінің жалақысын көтеруге жұмсалатындығын мәлімдеді.
Полиция Департаменті бастығының баяндамасынан кейін, Қызылорда қалалық Полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Дәулет Беркімбаев есеп берді.
Қайрат Болатұлы кездесуге келген азаматтардың сауалдарын, толғандырған мәселелерін тыңдап, толыққанды жауаптар беріп, түйткілді мәселелерін жақын арада шешуге тырысатын жеткізді.
Кездесу барысында облыс тұрғындары тікелей департамент бастығына өз сауалдарын жолдауға мүмкіндік алды. Айта кетерлік жайт, есептік кездесудің өтуі жөнінде жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында алдын ала арнайы хабарландыру жарияланған болатын. Бұл хабарландыруға сәйкес, облыс және қала тұрғындары өз сауалдарын электрондық пошта, әлеуметтік желілер, ресми веб-сайт және де телефон арқылы жолдауларына мүмкіндік алды. Барлығы 20-ға жуық сұрақтар мен ұсыныстар келіп түсті.
Жиын соңында қала тұрғыны, ардагер Махамбет Ерманов полиция қызметкерлеріне алғысын білдіріп, ел тыныштығын қорғау жолындағы қажырлы еңбектеріне сәттілік тіледі.