«Көне дәуір әдеби жәдігерлері» атты кітап көрмесі ашылды
Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен «Архив-2025» бағдарламасы аясында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Көне дәуір әдеби жәдігерлері» атты кітап көрмесі өз жұмысын бастады, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Бүгін «Көне дәуір әдеби жәдігерлері» кітап көрмесі аясында оқырманмен кездесу өтті. Онда көрмеге қойылған кітаптардың мазмұны, тарихы және оның әлемдік ғылымға қосқан үлесі туралы айтылды.
Көрмеге шетел архивтері мен кітапханаларынан әкелінген ұлтымыздың әдеби құнды мұралары қойылған. Оның ішінде: Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік», Махмут Қашқаридың «Диуани Лұғат ат түрк», Ахмед Иүгінекидің «Хибатул хақайық», Әл-Ферғанидің «Астрономия», Әбу Райхан Әл-Бирунидің «Медицина» туралы еңбектері және «Қорқыт Ата кітабының» Дрезден мен Ватикан нұсқаларының көшірмелері қойылды.
Ұлы далада бабаларымыз жазған бұл кітаптардың әлемдік өркениет пен ғылымға қосқан үлесі орасан. Атап айтқанда, Әл-Ферғанидің (798-861 ж.) астрономия ілімі туралы еңбегі еуропа ғылымының дамуына әсер еткен. Ал, Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» кітабында ұлттық болмысымыз, салт-дәстүріміз, мемлекеттік жүйеміз көрсетілген.
Көрме 26-29 наурыз күндері аралығында жалпы оқырманға қызмет етеді.